Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Отандық БАҚ-ты қолдау жұмыстары жүріп жатыр - Ләззат Сүйіндік

2019 жылдың 30 қыркүйек 2019 17:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚХА жұмысы тек этникалық БАҚ-пен ғана емес, сонымен қатар басқа да медиа ресурстармен көрсетілуі тиіс. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағысы Ләззат Сүйіндік айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпыұлттық бірлікті, этносаралық келісімді нығайту министрлік жұмысының басымдықты бағыты болып саналады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметі мен еліміздегі этносаралық келісім бойынша мемлекеттік саясатты жариялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте жеке тақырыптық желі бар. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 18-ге тарта республикалық БАҚ тартылған. ҚХА жұмысын жариялау тек этникалық БАҚ-пен ғана емес, сонымен қатар басқа да медиа ресурстармен көрсетілуі тиіс», - Ләззат Сүйіндік этникалық БАҚ-ты қолдау тақырыбындағы ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобының отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде 12 тілде таралатын этникалық 52 бұқаралық ақпарт құралы тіркелген.

Сонымен қатар, Л. Сүйіндік министрлік отандық БАҚ-ты қолдауды жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде БАҚ мәселелері бойынша заңға өзгерістер пысықталуда. Осы орайда, баспа газеттері мен журналдар үшін ҚҚС-ты төлеу бойынша нөлдік ставканы қолдану мәселесі қаралуда. Бұл тұрғыда шамамен 10 жылдық мерзім ескерілген, яғни 2021 жылдан 2030 жыл аралығын қамтиды.

«Біз оны не үшін істеп отырмыз? Біз баспасөз басылымы нарығына талдау жүргізген болатынбыз. Оның барысында бірқатар проблеманы анықтадық. Осы орайда, баспасөз басылымдары арасында жарнама берушілердің қызығушылығы азайған, сәйкесінше бұл бағытта тиімділік деңгейі төмендеген. Сондықтан ҚҚС-ты төлеу бойынша нөлдік ставка тұрғысында тиісті түзетуді енгізу шешімі жасалды. Қазіргі кезде Республикалық бюджеттік комиссия қарауына енгізу бойынша құжаттар пакеті дайындалуда», - деді комитет басшысы.

Жоғары қарай