Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізуге қатысты бірлескен іс-шаралардың жоспары бекітіледі

2019 жылдың 11 наурыз 2019 17:17

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының отырысы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы аптада Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстанның ресми өкілдері арасында бірқатар іс-шаралар, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері арасында көпжақты форматта кездесулерді өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, 15 наурызда Өзбекстан астанасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы өтеді. Комиссияның жұмысында Қазақстан делегациясын Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ал Өзбекстан тарапын - Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - Көлік министрі Ачилбай Раматов басқарады», - дейді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, отырыстың күн тәртібіне екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, оның ішінде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру, ауыл шаруашылығы, су-энергетикалық, ғарыш және ақпараттық салалардағы өзара іс-қимыл, транзит-көліктік ынтымақтастық, сондай-ақ өңіраралық және шекара маңындағы байланыстарды дамыту мәселелері енгізілген.

Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, білім, ғылым, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ.

«Оған қоса, отырыс барысында 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының қабылдануы жоспарлануда. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбын жалғастыра келсек, 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд 488 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 25,3% -ға жоғары. Қазақстаннан экспорт 31,6 пайызға өсіп, 1 млрд 643 млн долларын құраса, Өзбекстаннан импорт 14,8 пайызға өсіп, 845 млн долларға жетті», - дейді ол.

Айбек Смадияров сондай-ақ, 15 наурызда Өзбекстан астанасында «Орталық Азия кооперациясы: өзара тиімді даму перспективалары» тақырыбында бірінші Орталық Азия экономикалық форумы өтетінін хабарлады. Іс-шарада Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек басқарады. Айта кетерлік жайт, аталған форум Орталық Азия елдерінің басшылары арасындағы 2018 жылғы наурызда Астанада өткен алғашқы консультативтік кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластық нәтижесінде өткізіледі.

Сонымен қатар, Форум қарсаңында «Kazakh Export» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Өзбекстанда өз өкілдігін ашады.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Туризм, ҚР СІМ, Өзбекстан,
Жоғары қарай