Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Павлодар облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

2019 жылдың 16 шілде 2019 16:57

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңір басшысы Болат Бақауов өзінің жаңа орынбасарын таныстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұдан былай Павлодар облысының ауыл шаруашылығы мәселелеріне Алмас Батанов жетекшілік етеді.

Еске сала кетейік, Павлодар облысы әкімінің агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымы Қайрат Нүкенов Павлодар әкімі болғаннан кейін босады. Бұл қызметке тағайындалған Алмас Батанов бұрын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған.

«Сіз бірден жұмысқа кірісіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді қамтамасыз етуге және өсіруге, сондай-ақ облыстың экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға назар аударуыңыз қажет», - деді Болат Бақауов өзінің жаңа орынбасарына. «Ауыл шаруашылығында жаңа инвестициялық жобалар қажет. Сондай-ақ, Сіздің назарыңызды саладағы еңбек өнімділігі мен агроқұрылым қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға аударамын».

Алмас Батанов 1977 жылы туған. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2004 жылы Алматы технология және бизнес университетін, ал 2010 жылы Ноттингем университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы «Метрология» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының жетекші маманы болып бастаған. 2000-2009 жылдар аралығында Алматы және Астана қалаларында «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, орталық басшысының орынбасары, орталық басшысы лауазымдарын атқарды. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі өңірлік мониторинг және бағалау департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бастап 2019 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі болды.

Жоғары қарай