Ауа райы
Астана -22 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 383.95
EUR 429.26
RUB 6.16
CNY 55.02

Павлодарда 13 көшенің аты өзгермек

2019 жылдың 18 қараша 2019 22:40

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы көшелерге Едіге би, Бұқар жырау, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейхан, Ермахан Бекмаханов, Сағадат Нұрмағамбетов есімдері берілмек, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Колос» орталығында Павлодар қаласының кейбір көшелерін қайта атау мәселесі бойынша көшпелі тыңдау өтті. Тыңдауға қоғамдық кеңес мүшелері, құрметті азаматтар, ардагерлер, қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы орган және БАҚ өкілдері шақырылған. Тыңдау барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстарды атап өтті. Оның айтуынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары мен профессорларынан Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Май – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркс – Әлихан Бөкейхан, Киров – Ермахан Бекмаханов, Короленко – Бұқар жырау, Ж.Аймауытов – Ақжол, М.Ж.Көпеев – Ақбеттау, Бестужев – Шәкәрім Құдайбердиев атауларына ауыстыру туралы ұсыныс түскен. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қанидан Володарский көшесін – Желтоқсан, Большая Обьездная – Жібек жолы деп атау, қалалық зиялы қауым өкілдерінен, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасынан және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалыдан Крупская көшесін – Едіге би, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың директорынан Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов атына беру, облыстық ардагерлер кеңесінен Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин атымен атау туралы ұсыныс түскен.

«Біз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Павлодар қаласындағы ономастикалық жұмыстарды жалғастырудамыз. Биыл жеке және заңды тұлғалардан облыс әкімінің, Павлодар қаласы әкімінің атына түскен өтініштерді қарастыру үшін барлық құжаттар қалалық мәслихатқа жіберілді. Аталған идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын ауыстыру мемлекетіміздің қалыптасуына үлесін қосқан тарихи тұлғаларымыздың есімін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Оған қоса, құрамында өзге ұлт өкілдері бар тұрғындарға бұндай тұлғалармен танысуға мүмкіндік беріп, халық арасында жарасым табуға үлесін тигізеді. Сондықтан бұл шешімімізді қолдауды сұраймын», - деді Светлана Гладышева.

Еңбек ардагері, заңгер және құқық қорғаушы болған Боранбай Ысқақов 13 көшенің атауын өзгерту туралы бастаманы қолдайтынын айтты. «Әлем тарихы – ұлы тұлғалардың биографиясы. Көше, саябақтардың атауы – біз тұратын өңір жайлы мәлімет беретін құрал. Бүгін 1 мамыр көшесі туралы басқаша ойлар айтылуда. Біз бұндай мерекелерді тойлап өскеніміз белгілі. Бірақ идеология, мемлекеттің қоғамдық құрылымы өзгерді. Әлеуметтің логикасы бұндай даталарды қабылдамайды. Сондықтан заңға қарсы келген ештеңесі жоқ деп ойлаймын. Келер жылы фашизмді жеңгеннің 75 жылдығын барлығы тойлайды. Тарихқа, жеңісте генералдың да, қатардағы жауынгердің де орны бірдей. Сондықтан Павлодар қаласының көшелерінің бірінде генерал Сағадат пен қатардағы жауынгер Қабдештің аты тұруы – құптарлық іс. Мен бұл көшелердің атауы өзгертілуін қолдаймын», - деді Боранбай Ысқақов.

Қалалық №17 мектептің математика пәнінің мұғалімі Александр Доцюк Короленко көшесінде туып-өскен. «Мен үшін осындай шараға қатысу – мәртебе», - деді Александр Доцюк. «Осы қалада, Короленко көшесінде туып, сол көшеде өстім. Балалық шағым өтті. Қазақстан – жас мемлекет. Өсіп жатқан ұрпақ тарихын, батырларын білуі керек. Короленко көшесіне Бұқар жырау атын беру өзекті деп санаймын. Ол тек жырау болмай, Абылай ханға ақыл айтқан. Хан оның ақылын тыңдаған. Осындай беделі зор тұлғаның есімі қаламызда болуы тиіс».

Тыңдау нәтижелерін ескере келе, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 8 депутаты бірауыздан шешімді қолдап дауыс берді.

Айта кетейік, енді Қазақстан заңнамасымен орнатылған мерзімде тиісті құжаттар республикалық ономастикалық комисияның қарауына жіберіледі.
Жоғары қарай