Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 385.76
EUR 427.89
RUB 6.04
CNY 54.79

Педагог мәртебесі туралы заң жобасын іске асыруға 2020 жылы 390 млрд теңге бөлінеді

2019 жылдың 25 қазан 2019 11:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов Парламент Сенатының депутаттарына 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім және ғылым жүйесін дамытуға 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 3,7 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға 858,5 млрд теңге бөлу көзделген. Тұңғыш Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленгенін білесіздер. Оны іске асыруға бюджеттен 2,2 трлн теңге, оның ішінде 2020 жылға – 389,8 млрд теңге бөлу көзделген. Аталған шығындардың көлемінде педагогтардың жалақысын көтеру туралы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Президент жолдауында берген тапсырмасын орындауға арналған шығыстар ескерілді», - деді Берік Шолпанқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, Президент үш ауысымды мектеп мәселесін шешу және 2022 жылдың соңына дейін апатты мектептерді жою міндетін алға қойып отыр.

«Осы мақсатқа 286,8 млрд теңге сомасында шығын шығады. Оның ішінде 2020 жылы 87,1 млрд теңге жергілікті бюджеттер базасына берілді», - деді ол.

Жоғары қарай