Ауа райы
Нұр-Сұлтан 27 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Петропавлда грек-рим күресінен республикалық турнир басталды

2019 жылдың 23 наурыз 2019 18:54 1095

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда КСРО спорт шебері Василий Левчукті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыс 2005-2006 және 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Тәжікстан мен Ресейдің Омбы, Қорған облыстарынан жүзге тарта балуан қатысып жатыр.

Василий Левчук - СҚО-ның классикалық және еркін күрестен бірнеше дүркін чемпионы. Павлодар қаласында өткен тың игерушілер спартакиадасының алғашқы жеңімпазы. Төрт рет КСРО-ның ауыл спортшыларының үздік алтылығына енді. 1966 жылы ҚР Чемпионатында күміс жүлде алып, жетінші рет КСРО-ның спорт шебері нормативін орындады.

Тоқырау жылдары Василий Николаевич Петропавлда күрес мектебін басқарды. Әріптестерінің айтуынша, өмірінің соңғы күндеріне дейін спорт залында жүріп. балаларды жаттықтырды. Оның тәрбиеленушілерінің ішінде КСРО-ның және Қазақстан Республикасының чемпиондары бар.

Бүгінде оның ұлы Олег Левчук әке жолын жалғастырған. Олег Васильевич Петропавлдағы "Жеңіс" олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен жаттықтырушы болып еңбек етеді.

Турнирге арнайы қонақ ретінде грек-рим күресінен 1996 жылғы Атланта  Олимпиадасының чемпионы, Әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстаннның жеті дүркін чемпионы Юрий Мельниченко келді. Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы жарыс аясында жасөспірімдерге шеберлік сағатын өткізді.

Василий Левчукті еске алуға арналған республикалық турнир екі күнге шақталған. 

 

 

Жоғары қарай