Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Петропавлда кәсіпкерлерді бопсалап, полицейлерге күш көрсеткен тұрғын сотталды

2020 жылдың 20 ақпан 2020 21:18

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерді бірнеше рет бопсалап, полицейлерге күш көрсеткен Константин Тимичевке үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, былтыр 1 маусымда сағат 23.45-те Константин Тимичевті тәртіп сақшылары медициналық куәландырудан өткізу үшін орталыққа әкеледі. Ол сол жерде медициналық қызметкерлерге тіл тигізіп, жанжал шығарған. Оқиға орнына келген полицейлер бұзақыны жөнге салмақ болады, алайда ол билік өкілдеріне күш көрсеткен.

Бұдан басқа Тимичев өткен жылдың мамыр айының соңында Петропавлда жолаушылар тасымалымен айналысатын екі кәсіпкерден ақша бопсалаған. Қала ішіндегі әр автобус үшін Тимичев олардан күнделікті 200 теңге төлеп отыруды талап еткен. Талабы орындалмаған жағдайда кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіруге, яғни «автобустардың жұмысынан кінәрат тауып, оны әлеуметтік желіде жариялаймын» деп қорқытқан.

2019 жылдың 12 шілдесінде полицейлер Тимичевті кезекті 286 мың теңгені алып жатқан жерінде ұстады.

Петропавл қалалық соты Константин Тимичевті бірнеше рет бопсалады және билік өкіліне күш көрсетті деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Айта кеткен жөн, Тимичев бұған дейін де жеке адамға қатысты жасаған ауыр қылмысы үшін жазасын өтеп шыққан болатын.


Жоғары қарай