Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Петропавлда көпбейінді заманауи аурухананың құрылысы басталды

2019 жылдың 16 қараша 2019 20:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бүгін көпбейінді аурухананың қазығы қағылып, ғимараттың капсуласын салуға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысына Елжан Біртанов ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бастаған үкіметтік топ құрамында келді.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алдымен министр обылстық перинаталдық орталықта медицина қызметкерлерімен кездескен. Елжан Біртановтың пікірінше, әр медицина қызметкерінің жаңа жылдан бастап жүзеге асатын жаңа реформа – міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының процестерін қолдауы және түсінуі аса маңызды. Өйткені, МӘМС-тің табысты жұмыс істеуі және халықтың оны дұрыс қабылдауы ең алдымен дәрігерлерге қатысты.




Кездесуден кейін министр облыстық перинаталдық орталықтың жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта медициналық мекемеде 52 дәрігер жұмыс істейді. Жалпы штатта 377 қызметкер бар. Стационар 165 орынға шақталған. Облыстық перинаталдық орталықтың жұмысына министр оң бағасын беріп, дәрігерлердің жоғары біліктілігін атап өтті.




Басқарманың баспасөз қызметі мәлім еткендей, министр кейін орталықта жергілікті БАҚ-тың бас редакторларымен кездесу өткізді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Өз кезегінде журналистер денсаулық сақтау реформасына және денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге қызығушылық танытты. Сондай-ақ облыста дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің тапшылығы мәселелері талқыланды.




Е.Біртанов сондай-ақ Петропавлдағы көпбейінді аурухананың капсуласын салуға қатысты. Бұл жобаны Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ұсынды. Аурухана - Петропавл қаласындағы «Qyzyljar» жаңа арнайы экономикалық аймағының негізгі жобаларының бірі. Денсаулық сақтау саласындағы бұл ауқымды жобаны түрік инвесторлары жүзеге асырады. Астананы есептемегенде, бұл JCI жүйесі бойынша салынған Қазақстандағы алғашқы аурухана болады.




Орталық медицина саласындағы сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандартына сай болмақ. Аурухана соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталады. Сондықтан жергілікті 200 дәрігер біліктілігін арттыру үшін шетелде оқытылады. Аурухана 500 орынға шақталған.

Е.Біртанов атап өткендей, СҚО-да ашылатын жаңа көпбейінді аурухана аймақтың денсаулық сақтау саласына жаңа серпін бермек. Ал жаңа ғимаратқа көшетін ауруханалардың ескі ғимараттары оңалту орталықтары ретінде қолданылмақшы.

Жоғары қарай