Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті

2019 жылдың 19 қараша 2019 04:00

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан республикалық ашық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі турнир жоғары әскери және арнайы оқу орындарының курсанттары арасында ұйымдастырылады. Жарысқа болашақ полицейлер төртінші рет қатысты.

ҚР ҰҰ әскери институтының бастығы Бауыржан Әбжановтың айтуына қарағанда, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған турнир жоғары оқу орнында 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.

Петропавл қаласының тумасы Азамат Нұрпейісов болашағынан зор үміт күттірген спортшылардың бірі болды. ҚР ҰҰ арнайы бөлімшесінің жауынгері кикбокстен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 2009 жылы Италияда және 2013 жылы Түркияда кикбоксингтен өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылы Ирландияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия-2012 чемпионы және басқа да көптеген халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Азамат 27 жасында ауыр сырқаттан қайтыс болды.

«Азамат Нұрпейісов спортта аталғандардан да биік шыңдарды бағындырғысы келді, орындалмай кеткен армандарының бірі «күрең берет» алу еді. Ол бір жылдан артық ауыр сырқатпен күресті. Мойымады, болашаққа сенді. Сонысымен де басқаларға үлгі бола білді. Болашақ полицейлердің бұл турнирге қатысуының маңызы зор», - деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.










Ашық турнирге қатысуға ҚР ІІМ Қарағанды, Қостанай академияларының командалары, Ақтөбе, Павлодар қалаларындағы ІІМ оқу орталықтарының командалары тілек білдірді. «Жеңіс» спорт кешенінде екі күн бойы 7 құрама - 60 спортшы 8 салмақ дәрежесінде жарысты.

Турнирге қатысушыларға Азаматтың туған-туыстары және облыстың күш құрылымдарының басшылары сәттілік тіледі. Жарысқа халықаралық дәрежедегі судья, самбодан спорт шебері, полковник Сәтжан Әбішев қазылық етті.

Нәтижесінде, жалпыкомандалық бірінші орынды ҚРҰҰ ӘИ спортшылары жеңіп алды. Екінші-үшінші орынды ҚР ІІМ Қарағанды академиясының, және ҚР ІІМ Павлодар оқу орталығының спортшылары өзара бөлісті.










Жоғары қарай