Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 384.39
EUR 431.71
RUB 6.11
CNY 55.88

Петропавлда өрт сөндіру-құтқару спортынан өткен республикалық турнир аяқталды

2019 жылдың 16 маусым 2019 00:45 692

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда  «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігі кубогына арналған республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық турнирге Қазақстанның облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы  мен Шымкент қалаларынан 190 спортшы қатысты.

Әйелдер және ерлер құрама командалары кедергілерге толы 100 метрлік жолды жүгіруден, оқу мұнарасының қабаттарына шабуылдау сатысы арқылы көтерілуден, атқаратын күнделікті қызметтеріне байланысты тапсырмаларды орындаудан жалпыкомандалық және жекелей сынға түсті.

Екі күнге жалғасқан жарыс Петропавл қалалық мәдениет үйінде қорытындыланды. Жеңімпаздарға және олардың жаттықтырушыларына СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің, дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің медальдары, дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Жалпыкомандалық есепте әйелдер арасында бірінші орынды Шымкент қаласының спортшылары жеңіп алды. Екінші орын - Ақтөбе, үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласының құрамасына бұйырды.

Ерлер арасында шығысқазақстандықтар алдарына жан салмады, атыраулықтар екінші, БҚО-ның спортшылары үшінші орынға тұрақтады. 

 

 

Жоғары қарай