Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 432.55
EUR 470.83
RUB 5.84
CNY 61.31

Петропавлда сауда орындарында ұрлық жасағандар ұсталды

2020 жылдың 23 қаңтар 2020 05:18

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тәртіп сақшылары «бірнеше дүкенді тонады» деген күдікпен облыс орталығының үш тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, сауда орындарына кірген үшеудің екеуі сатып алушы ретінде сатушының назарын аулаған. Ал үшіншісі осы сәтті пайдаланып, заттарды жымқырып отырған.

Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылжар аудандық полиция бөліміндегі әріптестерінің көмегімен үшеудің ізіне түседі. Оларды қолға түсіру үшін бірнеше күн кетті. Күдіктілер пәтер жалдап, тұратын жерлерін ауыстырып отырған.

Бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін сотталған Петропавл қаласының 44, 33 және 31 жастағы үш тұрғыны ұсталды. «Ұрлық» және «тонау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер тергеу оқшаулағышында қамауда отыр.

«Қазір олардың осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Әзірше күдіктілердің 6 қылмыс жасағаны анықталды. Соның бірінде олар сауда орнынан 480 мың теңгенің дүниесін алып кеткен. Қылмысты ашуда дүкен иелері орнатқан бейнекамералардың көмегі зор болды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы Мүлік қылмысын тергеу бойынша бөлімнің бастығы Ерболат Қаптаев.

Жалпы, былтыр облыстың дүкендері мен сауда орындарында 187 ұрлық жасалып, оның 141-інде іс сотқа дейін жетті.

Жоғары қарай