Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Петропавлда үнді мәдениетінің апталығы өтіп жатыр

2019 жылдың 21 қараша 2019 14:46

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Үндістанның 140 жас азаматы білім алып жатыр. Шетелдік жастар үнді мәдениетінің апталығы аясында өздерінің салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарынан хабардар етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай ай сайын этномәдени орталықтардың апталықтары ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін жоғары оқу орнында қазақ, орыс, татар, неміс ұлттарының күндері өтті. Ал үнді мәдениетінің апталығы қазан айының соңында Дивали мерекесін тойлаудан басталған. От фестивалі – Үндістандағы негізгі мерекелердің санатында.

Бұл жолы шетелдік жастар түрлі-түсті сарилерін киіп, үнді киноларынан жақсы таныс дәстүрлі ән-билерін көрсетті. Ұлттық тағамдарының ерекшеліктерімен таныстырып, мерекеге келгендерге дәм таттырды.

«Балуш ахи, Палау, Барфи секілді барлығы 8 түрлі ұлттық тағамымызды пісіріп әкелдік. Әр ұлттың асханасының өз ерекшеліктері бар ғой. Біздің елде түрлі дәмдеуіштерді көп қосады. Жалпы мәдениетіміз өте бай. Бүгін соның азғантай ғана бір бөлшегін көрсеттік», - дейді СҚО-ға білім алуға келген Пушпеш Шарма.




Үнді мәдениетінің апталығы аясында оқу орнында түрлі іс-шара жоспарланған.

«Соңғы жылдары университетте шетелдік студенттер көп оқып жатыр. Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсат – жастардың тез бейімделуіне жағдай жасау, психологиялық кедергіні жою. Және әрине, басқа ұлттардың мәдениетімен таныстыру. Үнді мәдениетінің апталығы аясында халықтың діні, салт-дәстүрі жайында үш тілде түрлі лекциялар өтеді», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная.

Университетте былтыр ашылған Жоғары медицина мектебінде қазір Үндістаннан келген 140 студент білім алып жатыр.







Жоғары қарай