Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.59
EUR 429.06
RUB 6.05
CNY 55.07

Петропавлда жол полициясының ғасырлық автокөлігі мұражайда сақтаулы тұр

2019 жылдың 2 наурыз 2019 21:14

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық жол полициясының мұражайы наурыздың 1-нен бастап өз жұмысын қайта жандандырды. Экскурсияны келушілерге бұдан былай ардагерлердің өздері жүргізетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұражай 1997 жылы Қазақстанның жол полициясының бес жылдығына орай арнайы ашылған. СҚО ПД мұражайының меңгерушісі Любовь Осинскаяның айтуынша, бүгінде жаңартылған мұражайда жол полициясының тарихы, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу залы мен осы қызметтің Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары құрылуынан сыр шертетін бөлімдерден тұратын үш зал бар. Мұнда мыңға тарта жәдігер орналасқан. Сирек кездесетін фотосуреттерді, құжаттарды, құрылғыларды, тіпті өткен ғасырдың басында МАИ қызметкерлерінің қолданысында болған танымал көліктердің бірі - «Москвичті» көруге болады. Ал, полицияның бүгінгі тарихы көрсетілетін залда 2011 жылдың күзінде Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді тоқтатып, өз өмірін құрбан еткен полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың былғары курткасы мен фуражкасы сақтаулы тұр.






«Бөлек стендте облысымызда алғашқы автобустардың, бағдаршамдардың пайда болу тарихы көрсетілген. Қызықты экспозициялар қойылған мұндай мұражайлар елімізде саусақпен санарлық», - дейді ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полковник Евгений Райтенбах.

Облыстық Полиция департаменті басшылығының нұсқауы бойынша бұдан былай бұл мұражайда патрульдік және әкімшілік қызметке келген офицерлер мен сержанттар үшін айына бір рет экскурсия өткізіліп тұрады.






Жол полициясы мұражайының есігі облыс аудандары мен қала мектептерінің оқушылары және студенттер үшін әрдайым ашық. Экскурсияға қатысам дегендер 39-93-11 телефоны арқылы жазыла алады.




Жоғары қарай