Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Петропавлда  жұмыртқа фестивалі өтеді

2019 жылдың 3 қазан 2019 10:28

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда алдағы демалыс күні жұмыртқа фестивалі ұйымдастырылып, оның аясында азық-түлік жәрмеңкесі өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мереке 6 қазанға жоспарланған. «SKOрлупино» деп аталған аймақтық фестиваль алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ол Петропавлдағы Тәуелсіздік стелласы маңындағы алаңда өтеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальді өткізудегі басты мақсат – өңірге туристерді көптеп тарту. Бұл – халықаралық тәжірибе. Мәселен, Германияда «сыра» мерекесі бар, Испания «зәйтүн майы» фестивалін өткізсе, Италиядағы «Шоколад» мерекесі мыңдаған туристі жинайды екен.

СҚО-да да соңғы жылдары осындай фестивальдер көптеп ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – «Мөңке күні».

«Мөңке күні» биыл төртінші рет өтті. СҚО көлге бай өңір. Шамамен 3 мыңнан артық су қоймасы бар. Оның 90%-да мөңке балығы кездеседі. Осы байлығымызды жарнамалау мақсатында қолға алынды. Бұдан басқа «ҚымызFEST» мерекесін ұйымдастырып келеміз. Өйткені жылқының алғаш рет Қызылжар өңірінде қолға үйретілгендігін ғалымдар дәлелдеді. Мұндай мерекелер әдетте тарихи оқиғалармен немесе өңірдің әлеуетіне, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасында аса танымал өнімге қатысты ұйымдастырылады», - дейді СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова.

Бұл күні облыстағы құс фабрикалары өз өнімдерін жәрмеңкеге шығармақ. Өнімдер базар бағасымен саудаланады.

«Мереке күндізгі 12.00-де басталады. Қала тұрғындары мен қонақтарына ауқымды бағдарлама ұйымдастырмақпыз. Құс фабрикалары өз өнімдерін саудаға шығарады, бұдан басқа жергілікті шеберлердің жәрмеңке-көрмесі және гастрономиялық жәрмеңке өтеді. Қаланың үздік 10 аспазы жұмыртқадан пісірілетін тағамдарды әзірлеп, қонақтарға тегін дәм татырады. Сондай-ақ ұтылыссыз лотерея ойнатылып, түрлі байқаулар өтеді», - дейді фестивальді ұйымдастырушы, «Қызылжар жастары» агенттігі директорының орынбасары Алена Третьякова.

СҚО-да бүгінде бес ірі құс фабрикасы жұмыс істейді. Жылына 800 млн дана жұмыртқа шығарады. Осылайша жұмыртқа өндіруден республика бойынша үшінші орында келеді.

Жоғары қарай