Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Петропавлда жылу-электр орталығында қазандық машинисі күйіп қалды

2020 жылдың 8 қаңтар 2020 21:34

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «СевКазЭнерго» АҚ қазандық машинисі жұмыс орнында денесінің 80 пайызын күйік шалып, жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СевКазЭнерго» АҚ ресми мәліметіне қарағанда, оқыс оқиға Петропавлдағы №2 жылу электр орталығында 7 қаңтар күні сағат 14.30-да болған. Кәсіпорын жұмысшысы Иван Семендеев қазандықты күлден тазарту кезінде күйік шалған.




«Қазандықты тазалайтын «шнек» деген қондырғы бар. Ол автоматты түрде су және бумен қазандықтағы күлді шығарады. Сол күні күл шығаратын кезде шнек істемей қалып, қазандықты қолмен тазарту қажет болды. Жұмыс барысында шнек іске қосылып, Семендеев бу мен күлге күйіп қалуы мүмкін. Қазір тергеу жүріп жатыр, қалай, не себепті болғанын анықтаймыз. Зардап шегушімен бірге жұмыс істегендер сұралып жатыр», - дейді №2 жылу электр орталығы бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин.




Иван Семендеевтің денесінің 80% күйік шалған. Ол ауыр халде Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың жарақат аурулар бөлімшесіне түсті.

«Бізге 7 қаңтар күні кешкі сағат 21.00-дер шамасында қырық жастағы ер адам термиялық күйікпен түсті. Бұл өндіріс орнындағы жарақат. Сырқаттың сөзіне қарағанда, ол ыстық күлге құлаған. Бізге өте ауыр жағдайда жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оған белсенді емдеуді қолданып, дәрі-дәрмекпен ұйқыға жібердік. Есін біледі, сөйлейді. Бірақ ол қазір күйік шогына түскен. Жағдайы қалай болатынын әзірше айта алмаймыз. Бірер апта өтуі қажет. Жүрек, бауыр, бүйрегі сыр беріп асқынуы мүмкін», - дейді Петропавлдағы №3 қалалық аурухананың жарақат аурулар бөлімшесінің дәрігері Мейрам Оспанов.




42 жастағы Иван Семендеев кәсіпорында жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. «СевКазЭнерго» АҚ өндіріс орнында жарақат алған жұмысшыға қажет барлық көмекті көрсетіп жатыр. Кәсіпорын өкілінің сөзіне қарағанда, әріптестері қан тапсырған, дәрі-дәрмек апарып берген. Мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық басқармасы арнайы комиссия құрып, мән-жайды анықтайды.


Жоғары қарай