Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Петропавлдағы жағымсыз иістің қайдан шыққаны белгісіз - мамандар

2019 жылдың 19 маусым 2019 08:24

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдағы газға ұқсас қатты иіске қатысты ұлттық сараптама орталығы атмосфералық ауаның сынамасын алып, зерттеу қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық сараптама орталығының мамандары кеше күндізгі 16.00-де шағым көп түскен Борис Петров көшесінің бойына барып, атмосфералық ауаның сынамасын алды. Бүгін қорытындысын тілшілер қауымына жариялады. Ауадағы метанның мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Яғни, денсаулыққа келер зиян жоқ.

«Ауаның бір текше метріндегі метанның шекті рұқсат етілген мөлшері - 50 мг. Зертхана қорытындысы оның шамасы 1,27 мг аспайтынын көрсетті. Бұдан басқа түнгі 1.00 мен таңғы 4.00 аралығында біздің қызметкерлер жұмыс істеп, 6 жерден ауа сынамасын алды. Нәтижесі дайын. Ауадағы газ мөлшерден аспайды», - дейді Петропавл қаласы тауарлар мен көрсетілетін қыызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әсет Жұматаев.

Екінші жағдайда мамандар ауа құрамындағы күкіртті сутек, азот тотығы, аммиак, фенол, формальдегид, метилмеркаптан сияқты онға жуық улы заттардың шамасын анықтапты.

«Қандай иіс екенін, не газ екенін айта алмаймыз. Біз ұлттық сараптама орталығы мүмкіндік беретін зерттеулерді жүргіздік. Қалған тиісті мекемелер де өз тарапынан зерттеу жасап жатыр, нәтижесін айтады. Кәріз жүйесінен шыққан газ болуы мүмкін», - дейді Әсет Жұматаев.

Бұған дейін қала тұрғындарының жағымсыз иіске шағымданғанын айтқан болатынбыз. Қазір осы жағдайға байланысты құрамына облыс, қала әкімдігінің өкілдері, өкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлері кірген жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

Жоғары қарай