Ауа райы
Нұр-Сұлтан 7 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 379.36
EUR 424.47
RUB 5.88
CNY 54.95

Петропавлдық өрт сөндіруші ерекше коллекция жинады

2019 жылдың 2 ақпан 2019 15:59 978

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдық Болатжан Асқарбеков өрт сөндіру қызметіне қатысты бұйымдардың коллекциясын жинап жүр. Оның үйінде түрлі каскалардың жиырмадан астам түрі сақтаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болатжан Асқарбековтың айтуынша, коллекция жинауға әуестік елімізде 1936-1952 жылдары қолданыста болған өрт сөндіру каскасынан басталған. Өте нашар күйде табылған бас киімді тазалап, бояп, қалпына келтіріпті. Қазір топтамасында мұндай каскалардың 22-сі бар. Германия, Беларусь, Ресей, Ұлыбритания мен Америка, Үндістан, Чехия - әлем елдерінің өрт сөндіру шлемдерінің бірін оған сыйға тартса, енді бірін, мысалы,  үнділік өрт  сөндірушілердің шерулік каскасын интернет арқылы сатып алған.

«Мен коллекция жинауды жаңа бастағандар қатарынанмын. Елімізде өрт сөндіру қызметіне қатысты бұйымдарды жинайтын адамдар көп емес, екі-үшеу ғана. Мен олармен хабарласып тұрамын. «Сенің қолыңнан келеді, көзіңде от, ең бастысы қызығушылығың жоғары» деп мені қолдап отырады. Кей бұйымдарды бір-бірімізбен алмасып жатамыз», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны.



null 

Болатжан Асқарбековтың өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп жатқанына жиырма жылға жуық. Қатардағы өрт сөндірушіден бастаған ол бүгінде төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, подполковник шенінде. Айтуынша, коллекциясындағы бұйымдардың бәрі де ол үшін қымбат, дегенмен, арасында жанына ыстық біреуі бар екен.



null 

 «Мынау - менің жауынгерлік каскам. Бұл бас киімді үш жыл кидім. Онымен талай адамның өмірін өлімнен арашалап қалдым. Өрт сөндіру кезінде түрлі жағдайлар болып жатады, басқа бөрене құлап немесе газ баллоны жарылған кездер де болды. Ол да мені талай сақтап қалды», - дейді Болатжан Асқарбеков.

Болатжан Эдуардұлының коллекция жинаумен айналысқанына биыл 8 жыл. Түрлі каскалардан басқа жүзге жақын шеврон, магнит, қаламсап, жинақ сандықша ретінде жасалған кәдесыйлар топтамасы бар. Оның ермегін білетін достары мен таныстары барған жерлерінен өрт сөндіруге қатысты сыйлық-бұйымдарды әкелуді дәстүрге айналдырыпты.



null 

 

 

Жоғары қарай