Ауа райы
Нұр-Сұлтан 17 °С
Алматы 25 °С
валюта бағамы
USD 384.05
EUR 432.79
RUB 5.96
CNY 55.46

Полиция қызметкерлерінің пәтер жалдауына өтемақы беріледі

2019 жылдың 25 мамыр 2019 17:08 1294

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлерінің пәтер жалдауына өтемақы енгізіледі. Бұл туралы  бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын және жалақысын арттыру бағытында байыпты қадамдарға барып отырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, 1 шілдеден бастап сараланған түрде жалақыны көтереміз. Бұған қоса, отбасының бір мүшесіне өңірлерге байланысты 40 мың теңгеден бастап  жалға алынған пәтер төлемі түріндегі өтемақы институтын енгізбекпіз. Ішкі істер бөлімдеріне қызметке келетін жастарға төленетін өтемақы көлемі 70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болады», - деді ол ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен өткен ведомствоға қарасты ЖОО басшыларымен жиын аясында.

Оның атап өтуінше, министрлік мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың пәтерін жалға берушілердің қалтасына кетпеуі үшін де арнайы шара қабылдап отыр. Яғни, полиция қызметкері жалға алған пәтерін белгілі бір уақыттан кейін жекешелендіруіне мүмкіндік жасалады.

«Біздің тұрғын үй қорымыз жоқ, баспана салмаймыз. Дегенмен, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бар. Мұндай шараны 1 шілдеден бастамақпыз. Себебі заңнамаға өзгертулер енгізу қажет. Жаңа жылға дейін жеңілдетілген сызба жұмыс істейді. Яғни, адам баспананы жалға алу шартын жасасып, біз сол жалдау құнын 100 пайыз төлейміз», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша,  пәтерді жалдау өтемақысын еліміз бойынша шамамен 16 мың полиция қызметкері алатын болады. Ол үшін жыл сайын 9,1 млрд теңге қаражат бөлінеді.

«Бүгінгі күнге дейін өтемақыны жедел уәкіл бөлімшелері мен тергеушілер ғана алып келген болатын. Олардың саны шамамен 6,5 мың адамды құрайды. Енді біз оларға тағы да 9 мыңнан астам адамды қоспақпыз. Олар: шолғыншы полицейлер, учаскелік және кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі испекторлар», - деді А.Калайчиди.

 

 

Жоғары қарай