Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Премьер-Министр елордада Абай атындағы мектеп-гимназияның ашылуына қатысты

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 11:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтанда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! Сіздерді шын жүректен жарқын мереке – Білім күнімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында жаңа мектеп ашылып жатыр. Білім ордасы ұлы тұлға, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының атында болады. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміз келесі жылы кең ауқымда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтеді», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы жас ұрпақ озық білімге ие болу үшін оларға жаңа технологиялар қолжетімді болатынын, оқушылармен жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті.

«Біз білімді ұлт болуымыз керек. Бұл ретте, мұғалім жұмысының маңызы зор. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Педагогтар мәртебесі туралы» заң дайындалды. Заңда мұғалімдердің мәртебесін, айлығын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған», - деді Премьер-Министр.

ҚР Премьері мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы - Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.

«Құрметті оқушылар! Адам өмір бойы білім іздеуі тиіс. Цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізудің арқасында қазіргі таңда әлемде көптеген мамандық жойылып кетіп жатыр. Жаңалары пайда болуда. Сол себепті, сіздердің білім деңгейлеріңіз бәсекеге қабілетті әрі бүгінгі талаптарға сай болуы тиіс. Біз сіздерге сенеміз!», - деді ол.

Салтанатты шара барысында Инновациялық интеллектуалды технологиялар академиясының бас директоры Нұралы Құдайбергенұлы Үкімет басшысына «Абайтану» кабинеті мен мектеп музейін көрсетті. Келушілер сонымен бірге, «Жасыл технологиялар» кабинеті мен «Виртуалды ғылыми лабораторияларды» тамашалады.














Жоғары қарай