Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Президент: Қазақстан жайылым жерлерінің 40 пайызын ғана кәдеге жаратып отыр

2019 жылдың 17 қыркүйек 2019 17:21

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына заманауи агротехнологиялар мен инновацияларды белсенді түрде енгізу қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Тwitter парақшасына сілтеме жасап.

Жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан өңірін аралап жүрген Президент тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығына қажетті химиялық өнімдердің отандық өндірісін дамытуды мәселе етіп көтерді. Президенттің айтуынша, бұл жұмысты шетелдік инвесторларды тарту арқылы жүзеге асыру керек. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан аумағында тыңайтқыштар мен пестицидтерді шығаратын лицензиялық зауыт салу ұсынысын көтеру керектігін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы жерлері ішінара түгенделіп, пайдаланылмай жатқан 16,5 млн га аумақ анықталды. Үкімет барлық ауыл шаруашылығы игілігіндені жерлерді анықтап, жер кадастрының ақпараттық жүйесін цифрландыруы керек. Сонымен қатар, түрлі бағыттағы ет кластерлерін дамыту қажет. Атап айтқанда, қой шаруашылығын, сүт өндіруді және құс шаруашылығын өркендетуге тиіспіз. Сүт өнімі мен құс етін өндіруді екі есе арттырсақ, бүгін біз импорттап отырған қосымша 500 млн доллар өнімін алуға болады», - деп жазды Президент Твиттердегі парақшасында.

Президенттің пайымдауынша, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайылым жерлерді кеңейткен жөн.

«Жайылым жерлерінің кеңдігі бойынша Қазақстан әлемдегі бес елдің қатарына кіре тұра оның 40 пайызын ғана пайдаға жаратып отыр. Фермерлер үшін мұндай жерлерді беру механизмін жетілдіріп, жеңілдету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы өз парақшасында сырт жайылымдарды игеру мәселесін көтерді.

«Жеке шаруалар үшін құдық немесе ұңғыма қазып көмектесу керек.Үкімет пен әкімдер алдағы 10 жылда қосымша 50 млн га жайылымды айналымға енгізуі керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысын аралап жүр. Мемлекет басшысы облыстың бірқатар ауыл шаруашылығы мен индустриялық нысандарында болып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді.


Жоғары қарай