Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Президент қоғам түйткілдеріне дер кезінде жауап берді – сарапшы

2019 жылдың 16 шілде 2019 15:24 207

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәскеу мемлекеттік университетінің жанындағы Ақпараттық-сараптамалық орталығының бас редакторы Жанар Төлендинова Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл – жаңадан сайланған Президенттің алғашқы кеңейтілген отырысы және Қазақстанның ішкі саяси өміріндегі маңызды оқиға. Өз сөзінде Президент өзекті мәселелерді саралап, нақты тапсырмалар берді. Маңыздылығы жағынан бұл шара Президент Жолдауынан кейін тұр деп айтуға болады. Әрине, бұл Қасым-Жомарт Тоқаев үшін де үлкен сын болды. Ол өзін тәжірибелі саясаткер ретінде көрсете алды», - деді Жанар Төлендинова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, кеңейтілген отырыста Президент өз саясатының басым бағыттарын көрсете алды.

«Ол әлеуметтік саясат пен қоғам сұрауына дер кезінде жауап қатуға айрықша мән берді. Мәселен, Арыстағы жағдайды бей-жай қалдырмай, Қорғаныс министріне қатаң сөгіс жариялады. Бірақ, жаңа министр болғандықтан отставка болмайды. Осылайша, кадр саясатының сабақтастығы жалғасады. Мемлекет басшысы несиелік рақымшылық туралы да пікір білдірді. Бір жағынан бұл халықтың белгілі бір тобының әлеуметтік оптимизмін көтерсе, екінші жағынан әлеуметтік саладағы масылдық үрдіске ұласып кетпей ме деген пікір айтылды. Президент мұның бір реттік науқан екенін атап көрсетті», - деді спикер.

Сонымен бірге, сарапшы Президенттің жер мәселесі бойынша пікірін айрықша атап өтті.

«Президенттің жер және елордадағы LRT мәселесін көтеруі қоғам сауалына дер кезінде жауап беретінін көрсетеді. Көптеген өзекті мәселелер талданды, қоғам наразылығын тудырған кемшіліктер талқыланды. Олардың жақын арада шешілеріне үміттенемін», - деп өз сөзін түйіндеді Ж. Төлендинова.

Жоғары қарай