Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Президент Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма жүктеді

2020 жылдың 31 наурыз 2020 22:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұтымды игеру керек. Бұл туралы республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесіндегі шаралар пакетін жүзеге асыру үшін Үкімет пен Ұлттық банкке барлық қажетті қаржы көздерін жұмылдыруды тапсырды. Осы орайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қоры, Ұлттық банктің ресурстары мен тетіктері қамтылмақ.

«Тұңғыш Президент-Елбасы құрған Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұтымды игеру керек. Қаржыны нақты экономикаға жедел және тура жеткізу үшін мемлекеттік даму институттары арқылы тікелей қаржыландыру мүмкіндігін ескеру керек, яғни «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және басқалары бар», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент аталған тетік басқа да жеңілдіктермен қатар экспортқа бағдарланған қарқынды өсіп келе жатқан орташа компанияларға көмекке бағытталуы қажеттігін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық ресурстардың көлемін, дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымын ескере отырып, бөлінетін қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы айрықша маңызға ие болатынын қадап айтты.

«Бұл міндет Есеп комитетіне жүктеледі. Бұл жұмысқа өңірлік ревизиялық комиссияларды, қоғамдық кеңестерді жұмылдыру керек. Сонымен бірге, төтенше жағдайдың ерекше талаптарын ескерген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алатын азаматтар санатының кеңейтілетінін айтты.


Жоғары қарай