Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 31 °С
валюта бағамы
USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
CNY 54.65

Президенттің Үкіметке берген тапсырмалары көпшіліктің қолдауына ие болды - депутат

2019 жылдың 17 шілде 2019 15:51 542

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұқтаждарға қолдау білдіріп, еңбек етуге қабілеті бар адамдарға мүмкіндік жасаған жөн. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әр адам үшін баспана өте маңызды екені белгілі. Өздеріңіз білесіздер, елімізде тұрғын үй құрылысы бағытына ерекше мән беріліп отыр, осы орайда бірнеше мемлекеттік бағдарламалар болды. Нәтижесінде, тұрғындардың көбісі өз баспанасына қол жеткізді. Дегенмен, барлығын шамалы уақыттың ішінде 100 пайызға қамту өте қиын. Тұрғындарын түгелдей жеке баспанасымен қамтыған ондай ел де жоқ шығар. Атап айтқанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселеге қатысты берген тапсырмалары көпшілік тарапынан қолдауға ие болуда», - деді Майра Айсина.

Осы орайда депутат бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға қолдау жасаудың тетіктері қайта қарастырылып жатқанын атап өтті.

Биыл көпбалалы отбасылар мен жастардың баспана мәселесін шешуге негізделген заң қабылданғанына тоқталған М. Айсина, «Кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны 30 мыңнан асып кетті. Осы орайда аталған топтағы отбасылардың баспаналы болуына жағдай жасалып, кезектегі тұрғандар ретімен пәтерлеріне қол жеткізеді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға 2 пайыздық ипотека беру қадамы да елеулі қолдау болады деп ойлаймын», - деді.

Бұдан бөлек депутат еліміз азаматтарының қарыз жүктемесін азайту қадамы біржолғы шара екенін, тұрғындарды осындай жеңілдіктерге үйрете беруге болмайтынын жеткізді.

«Әрбір жетістік еңбекпен келуі керек, бұл бір жағынан өскелең ұрпаққа тәрбие. Мүмкіндігі жоқ адамдарға көмектескен дұрыс. Жалпы, аталған бағыттардағы қадамдарға талдау жасап, мұқтаждарға қолдау білдіріп, ал еңбек етуге қабілеті бар адамдарға мүмкіндік жасаған жөн», - деді Майра Айсина.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 15 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жастарға баспана қолжетімді болуы тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы баспана мәселесін бақылауда ұстауды жүктеді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге қатысты шараны тиісті деңгейде орындауды тапсырды.

Жоғары қарай