Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 386.04
EUR 427.77
RUB 5.88
CNY 54.45

Райымбек батырдың соңғы соғысы болған жерге ескерткіш тақта орнатылды

2019 жылдың 16 шілде 2019 20:33 360

ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат – Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихы терең Түргенкент орнында ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Панфилов ауданы орталығы – Жаркент қаласы мен осы өңірдегі ең ірі елді мекен – Көктал ауылын жалғайтын күре жолдың бойындағы Түргенкент тарихи орны бар. Кенттің орны, айнала қоршаған дуалы, қорған түбінен дұшпан шабуылына қарсы қазылған су толтыратын ордың сілемі қазірдің өзінде айқын көрініп жатыр. Сонау 1856 жылы Қашқарияға жасаған әйгілі сапары кезінде зерттеуші жиһанкезі Шоқан Уәлиханов өз қолымен сызған Жаркент өңірі картасында бұл кенттің орны нақты көрсетіліп, атауы да анық жазылған.

Бұл жерде талай-талай оқиғалар орын алғаны тарихтан белгілі. Соның бірі - «Ақтабан шұбырынды» зобалаңының ақырғы шайқасы. XVIII ғасырдың екінші жартысында Райымбек батырдың қолы қалмақтарды осы арадан Қытаймен шекарадағы қазіргі Қорғас өзенінен асыра қуып тастайды. Бұл шайқасқа Суанның атақты Аралбай, Сатай, Бөлек батырлары да қатысып, туған жер, туған елін басқыншылардан азат етуге атсалысқан. Райымбек батыр осы ұрыста улы жебеден жараланған деген деректер бар. Бұл туралы жазушы жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлының зерттеу мақалаларында жазды.

Күре жолдың бойына орнатылған көрнекті тақтаға осынау тарихи жағдай жөнінде айшықты етіп жазылған. Ескерткіш тақтаны аудандағы «Мейірім» мекемесінің басшысы Амантай Раев бастамашы болып орнатқан.

Жоғары қарай