Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Ресей мен Қырғызстан басшылары ықпалдастықты нығайтуға келісті

2019 жылдың 28 наурыз 2019 22:31

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Ресей мен Қырғызстан 2020 жылды өзара ынтымақтастық жылы деп жариялады. Бұл келісімді РФ және ҚР президенттері Владимир Путин мен Сооронбай Жээнбеков бүгін Бішкекте рәсімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі. Ресей көшбасшысы Қырғызстанға мемлекеттік іссапармен келді.

Жээнбековтың айтуынша, алдағы жылы екі елде мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыттары бойынша бірқатар шаралар өткізіледі.

«Біз саяси, сауда-экономикалық және әскери-техникалық байланыстарымызды нығайтуға ниеттіміз. Одақтастық байланыс аясында аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірлесіп әрекет етеміз», - деді Путинмен келіссөздер соңында Қырғызстан президенті. - «Біз сондай-ақ, халықаралық маңызды мәселелер жөнінде пікір алмастық. Өзара ықпалдастығымызды, соның ішінде ҰҚШҰ және ШЫҰ сынды аймақтық ұйымдар арасындағы байланысымызды талқыладық. Биылғы жылы Қырғызстан бұл ұйымдарға төрағалық етеді. Біз Бішкекте мемлекет басшыларының отырысын өткіземіз».

Өз кезегінде Владимир Путин Қырғызстанның Ресейдің стратегиялық серіктесі және сенімді одақтасы екенін атап өтті.

«Бізді уақыт сынынан өткен достық байланыс пен өзара ынтымақтастық байланыстырады. Келіссөздер барысында алдағы уақыттағы саяси, мәдени, гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара байланысты жан-жақты нығайтуға өзара қызығушылық атап өтілді», - деді ол.

Тараптар сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік аясындағы сауда-экономикалық байланысты тереңдету жайын талқылады.

Екі ел арасындағы өзара сауда айналымы өткен жылдың өзінде 2 миллиард долларды құраған. Ресейлік кәсіпорындар қырғыз экономикасының барлық саласын дерлік қамтиды. Қырғызстан Республикасында ресей-қырғыз бірлескен 700 кәсіпорны жұмыс істейді.

Ресей Федерациясы мен Қырғыз Республикасы табиғи ресурстарды игеру саласындағы ынтымақтастықты да дамытуға ниетті.

Білім саласына келсек, қазіргі уақытта Ресейде 16 мыңға жуық қырғыстандық студент, олардың 6,5 мыңы Ресей бюджетінен білім алуда.

Екі елдің ынтымақтастығы әскери-техникалық серіктестік шеңберінде өте ауқымды.

«Қырғызстандағы ресейлік әскери база республиканың қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып отыр, оның қатысуы Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызды факторы болып табылады», - деді Ресей президенті.

Авторы Наталья Гильт

Басты сөздер: Қырғызстан, Әлем, Ресей,
Жоғары қарай