Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 414.13
EUR 451.40
RUB 5.80
CNY 58.03

Ресейдің Ленинград облысынан батысқазақстандық майдангердің бәкісі табылды

2020 жылдың 23 мамыр 2020 21:38

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ресейдің Ленинград облысынан батысқазақстандық майдангер Рахым Жақсылықовтың бәкісі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың айтуынша, оған Санкт-Петербург қаласынан із кесуші Николай Лебедев хабарласып, сарбаздың бәкісі табылғанын жеткізген.

Бәкіде Жакслыков Р. деп ойылып жазылған.

«Айболат, базадан қарап, оның Қазақстаннан екенін білдім. Марапаттарына қарағанда, өте өжет сарбаз болған. Соғыстан аман-есен оралған, одан арғы тағдырын білмеймін. Қазақстанда адамдар бір-бірімен туыстық байланысын үзбеуге тырысады ғой, жақындарын табу мүмкіндігі бар ма? Мен бұл жәдігерді майдангердің отбасына немесе жергілікті музейге тапсырғым келеді», деп жазған хатында Н.Лебедев.

А.Құрымбаев осы мәліметті әлеуметтік желіге жүктеп, іздеу салғаннан кейін майдангердің ұрпақтары да табылды.

Алдымен майдангердің інісі Нәсиболла Жақсылықовтың ұлы Нұрбол хабарласты. Ол Р.Жақсылықовтың ұлы Исатайдың Орал қаласында тұратынын жеткізді.

«Иә, әкемнің бәкісі табылғанын естіп жатырмыз. Әкем соғыстан оралғаннан кейін бұрынғы Чапаев (қазір Ақжайық) ауданы «Первомай» кеңшарында 1984 жылы зейнетке шыққанша жүргізуші болды. 1996 жылы қарашада өмірден озды. Майданда артиллерияда байланысшы болғанын, екі рет ауыр жараланып, қайта қатарға қосылғанын айтып отыратын. Бәкісі жөнінде бұған дейін білген жоқпыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Исатай Жақсылықов.

Әуелі қатардағы жауынгер, кейін ефрейтор болған майдангердің өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, соғысқа 1942 жылы тамызда аттанып, желтоқсанда шайқасты Орел түбінде бастаған. Маршал И.Баграмян басшылық еткен Орел, Курск, Смоленск, Брянск бағытындағы шайқастарға қатысып, І және ІІ Прибалтика майдандарында болған.

«Жаудың өршелене қарсыласқанына қарамастан, біздің армия олардың сағын сындыра бастады. Орел қаласы екі-үш рет қолдан-қолға өтті. Мен сол кезде 76 миллиметрлік танкіге қарсы зеңбіректің көздеушісі едім. Қарсы шабуылға шыққан жау танкілеріне тойтарыс бере отырып, бесеуін өртеп жібердім. Орел қаласын азат етудегі ерлігім үшін үшінші дәрежелі Даңқ орденімен наградталдым. Смоленск қаласы үшін де кескілескен ұрыс болды. Жанып жатқан біздің танкінің ішінен колонна командирі, майор В.Ильинді алып шығып, бораған оққа қарамастан, санитарлық бөлімге жеткіздім. Бұл үшін «Ерлігі үшін» медаліне ие болдым. Брянск қаласын азат етуде өзіме бекітілген учаскеде алдағы жаяу әскерлермен үздіксіз байланыс жасағаным үшін екінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталдым. Латвия жерінде аяғымнан жараланып, төрт ай госпитальде емделдім. Содан кейін де жеңіл контузия алып, екі ай госпитальда болдым. «Ерлігі үшін» медалін екі рет алдым. Елге 1947 жылы оралдым. 1985 жылы екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алдым. Барлығы 3 орден, 13 медальдың иегері болдым», деп жазып кеткен екен.

Байланысшы үнемі батылдығымен танылып, соның ішінде алғы шепте үзілген сымды жалғап қана қоймай, бірде дұшпанның қос барлаушысын да қолға түсіріп қайтқан. Тағы бірде ауыр жараланған қандыкөйлек жолдасы Алексей Цыганковты оқ астынан алып шыққан.

Батысқазақстандық өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың нақтылауынша, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапаттау қағазында Р.Жақсылықовтың 1944 жылы 31 қаңтарда Дворец тірек пункті үшін қанды шайқаста 23 рет үзілген байланыс жібін жалғағаны айтылған. Қайтар жолда жау оғының астында қалып, жараланса да, байланыстың үзілмеуін қамтамасыз еткен. Ленинград майданында да шайқасқан батысқазақстандық ержүрек жауынгер 1620-жеңіл артиллерия полкында аға телефоншы болған.

Айта кететін жайт, Екінші дүниежүзілік соғыста үш бірдей Даңқ орденін иеленгендер Кеңес Одағының Батырымен тең болып саналды.

Ақжайық ауданы шығарған «Майдангерлер» деген жинақта да Рахым Жақсылықовтың қысқаша өмірбаяны келтірілген.

«Николай Лебедевке майдангердің ұрпақтары табылғанын айттым. Енді жауап күтіп отырмын», деді Айболат Құрымбаев.










Жоғары қарай