Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 387.37
EUR 428.55
RUB 6.06
CNY 55.06

Ресейлік бойжеткен соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарын іздестіруде

2019 жылдың 11 наурыз 2019 16:24

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ-орыс достығы қауымдастығының төрайымы, «Еуразия диалогы» халықаралық қорының басшысы Айжан Түзелбекова ҚазАқпарат тілшісіне «Вахта памяти» акциясы туралы айтып берді.

Айжан Түзелбекова Иваново қаласының тұрғыны.

Ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Ресейдегі Қазақстан елшілігімен, Қазақстан халықтары қауымдастығымен біріге отырып Иваново облысында «Вахта Памяти» жобасын жүзеге асырып келеді.

Оның айтуынша, жұмыс тобы Екінші дүниежүзілік соғысы майданында көз жұмған 37 жауынгердің тізімін тауып алған. Бұл азаматтардың барлығы Иваново облысының Шуя қаласында госпитальде қайтыс болған. Шуя Мәскеуден 300 шақырым қашықтықта орналасқан.

Екінші жүниежүзілік соғыс кезінде мұнда 11 эвакогоспиталь болған.

Сол кездегі медицина ғылымының деңгейіне байланысты барлық сарбазды аман алып қалу мүмкін болмаған.




«Шуя қаласының әскери комиссариаты 37 қазақ жауынгерінің тізімін жасаған. Олардың барлығы госпитальде беті бері қарамай көз жұмды. Негізінен адамдар туберкулез ауруынан қайтыс болған. 28 сарбаздың диагнозы сондай болған. Екі адам - дистрофиядан, 2 адам оқ жарақатынан өлген. 36-сы жауынгер, ал 1 сарбаздың шені кіші сержант болған. Олардың Қазақстанның қай жерінен келгені әр құжатта әртүрлі жазылған. Кей жерлерде Қазақ КСР делінсе, кей құжаттарда Ақтөбе, Алматы, Семей, Қостанай облысы деп көрсетілген. Қазақ сарбаздары Шуя қаласындағы Троицк, Вознесен зираттарында жерленген. Осы кісілердің туыстары бізді тауып келеді деп ойлаймыз», - деді Айжан Түзелбекова.

Бойжеткеннің әкесі Шымкенттің қазағы.

«Менің әкем Шымкенттен. Менің анаммен Иваново қаласында танысқан. Сосын екеуі үйленген. Кеңес одағы ыдыраған соң олар Ресейде қалып қойған. Отбасында 5 баламыз. Қазір немере-шөбере сүйіп отыр.Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы маған өте жақын. Себебі 1943 жылы менің атам із-түссіз кетті. Іздеп табуға тырыстық, бірақ әлі нәтижесіз. Шымкентте Даңқ аллеясы бар. Онда менің атамның тегі жазылған. Әзірге бізде бар жәдігер сол ғана», - деді Айжан Түзелбекова.

Айжан осы мақсатта Қазақстанға бірнеше рет сапарлап келген. Ал Алматыға бірінші рет келіп отыр. Ол өзінің ұлттық тегін, ұрпақ сабақтастығын жоғалтқысы келмейтінін айтты.

«Іздеп жатырмын. Бірақ, көптеген архивтер қайта көшірілгендіктен, әріптер ауысып, құжаттар жоғалып, іздеу қиынға түсіп жатыр. Осы тізімдегі азаматтарды таныған адамдар болса, олардың жақындарына хабар беріп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына +77172500706 хабарласуын сұраймыз», - деді А.Түзелбекова.




Жоғары қарай