Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 376.42
EUR 417.41
RUB 6.09
CNY 54.54

Руслан Дәленов қос қолы жоқ кәсіпкерге медаль тапсырды

2019 жылдың 14 желтоқсан 2019 13:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық экономика министрлігінде Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды салтанатты табыстау рәсімі өткізілді. Мемлекеттік наградаларды Президент атынан ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін тараздық кәсіпкер Анара Бексұлтанова «Шапағат» медаліне ие болды.

«Менің туғаннан бері екі қолым жоқ. Мен барлығын аяғыммен істеп үйрендім. Тігінді де аяқпен тігіп үйрендім. Жоғары оқу орнын бітіріп, өлкетану музейінде жұмыс істеуіме, кәсіпкерлікпен айналысуыма, қыз балаларды өсіріп, тәрбиелеуіме ештеңе кедергі келтіре алған жоқ. Бастысы, қиыншылықты жеңе білу қажет. Бұған көзім әбден жеткен. Егер ниет болса, жұмыс та табылады», - дейді тараздық кәсіпкер.




Анар Бексұлтанованың айналысып отырған бизнесі – көпшілікке үлгі. Ол – кәсіпкер, қолөнер шебері, тігінші және бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік грант иесі. Оны өңір халқы жақсы біледі, батыл, табанды, іскер бизнес өкілі деп таниды.

Биыл жазда Жамбыл облысының кәсіпкері Анар Бексұлтанова шағын кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыс орнын құруға қосқан үлесі үшін Ұлттық экономика министрінің Құрмет грамотасына ие болған еді.

Руслан Дәленов атап көрсеткендей, қайсар, батыл, іскер Анардың өмір жолы мен табандылығы тәнті етеді.

Сонымен бірге, салтанатты жиын кезінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары, сондай-ақ, экономиканы дамытуға қосқан елеулі үлесі, адал және мінсіз мемлекеттік қызметі үшін ведомстволық марапаттар берілді.

Еске салсақ, жамбылдық Анар Бексұлтанова қос қолы жоқ болса да, екі аяғымен іс тігіп, өзінің жеке кәсібін жүргізіп отырғаны туралы жазған болатынбыз.

Жоғары қарай