Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Ржев қаласының түбінен қазақ солдатының сүйегі табылды

2019 жылдың 3 мамыр 2019 18:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде талай шайқасты бастан өткерген Ржев жерінен қазақ солдатының сүйегі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Мәскеудегі меншікті тілшісі.

Қалдықтың қазақ сарбазына тиесілі екенін «Пионер» іздеу тобы анықтаған. «Ржев-2019» деген атпен өткен іздеу шаралары кезінде ұзын саны 117 солдаттың қабіріи табылыпты. Іздеу жасағының командирі Михаил Богдановтың айтуынша, олардың бәрі 1942 жылдың тамызында Ржев ауданының Бельков ойпатында болған қанды шайқас кезінде жер жастанған.



«Екі аптаның ішінде кеңес әскері сапынан 3500 адам жер құшқан деген дерек бар. Арасында қазақ жауынгерлері өте көп болған екен. 1 мамыр күні Бельво ойпатындағы шұңқырдан үш әскердің мәйіті шықты. Соның ішінде винтовка гильзасынан қолмен жасалған медальон табылды. Гильзаның ішіне хат бүктеп салыпты. Шұңқырдағы үш мәйіттің бірі - 220 атқыштар дивизиясында соғысқан 19 жастағы қазақ сарбазына тиесілі екенін сол хаттан білдік. Сарбаздың аты-жөні мен туған жылы, мекенжайы анық оқылып тұр» - дейді Михаил Богданов.



Табылған жазбадан Ізжанов Нұрғазы есімді сарбаздың 1923 жылы туғанын, майданға Қостанай облысының Торғай ауданына қарасты Сағай ауылдық кеңесінің Арай колхозынан аттанғанын оқуға болады.



«Марқұмның Қазақстандағы туыстарын іздестіріп жатырмыз. Тапсақ, табылған мәйіттерді арулап көму рәсіміне шақырамыз. Салтанатты рәсім Ржев қаласында 22 маусымда өтеді. Егер сүйек жалғыз жатқан болса, туған отанына жерлеуге болар еді. Бір шұңқырдан үш сарбаздың сүйегі бірдей табылғандықтан, оны бөле жарып, айқындау қиын. Сондықтан үшеуі де Ржев түбінде жерленеді» - дейді іздестіруші топтың жетекшісі.



Тарихи құжаттарда аталмыш шайқасқа Қазақстанда құрылған №100 және №101 ұлттық атқыштар бригадасы қатысқаны көрсетілген. Шайқас кезінде қазақстандық сарбаздардың 80 пайызы оққа ұшқан деген дерек бар.







Автор: Медет Ахметов

Жоғары қарай