Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Салық рақымшылығы: 4 млн теңге айыппұл есептен шығарылды

2019 жылдың 18 қараша 2019 14:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Салық берешегі тізімінде есімі жарияланғаннан кейін елорда тұрғындарының бірі 3 млн теңге жер салығын бірден төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік кірістер органдары тұрақты түрде салық төлемейтін жеке тұлғалардан салық берешегін өндіріп алу бойынша жүйелі шаралар жүргізіліп жатыр. Осындай шаралардың бірі - салық төлеуден жалтарған салық берешегі бар көп 100 жеке тұлғалар тізімінің жариялануы. Бұл тізімдер Комитеттің және мемлекеттік кірістердің аумақтық департаменттерінің сайтында үнемі жарияланып тұрады», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық салу әдіснамасы департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Жарылғасынов.

Оның айтуынша, мысалы, салық төлеуден жалтарған берешегі ең көп 100 салық төлеушінің тізімдерінің бірін жариялағаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 3 193 076 теңге көлемінде жер салығы бойынша қарызын төлеген.

Сонымен қатар, жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасау аясында 4 000 869 теңге мөлшерінде есептелген айыппұл есептен шығарылған.

«Сондай-ақ, Қостанай облысының тұрғындарының бірі тізім жарияланғаннан кейін көлік салығы үшін 421 399 теңге көлемінде қарызын төледі. Оның 408 399 теңге көлемінде өсімпұлы есептен шығарылды», - деді ол.

Еске сала кетсек, осыдан екі ай бұрын Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарған 100 жеке тұлғаның тізімін жариялаған болатын. Ол азаматтардың мемлекет алдындағы жалпы борышы 286 019 395 теңгені құраған еді. Оның 175 354 401 теңгесі – негізгі борыш сомасы, ал қалған 110 664 995 теңге – өсімпұл болған.

Жоғары қарай