Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Самұрық-Қазына СҚО-дағы екі зауытқа 8,5 млрд теңгенің өніміне тапсырыс берді

2020 жылдың 21 ақпан 2020 21:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өңірде жаңа өндірістерді ашуды ынталандыруға және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО-ға «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ» АҚ басшысы Ахметжан Есімов келді. Қордың қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменттінің мәліметінше, «Самұрық-Қазына» импорт алмастыру бағдарламасы мен «оффтейк шарттар» механизмі аясында жаңа өндірістер құруды қарастыратын жобаларға көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.




«2018 жылы біз қордың сатып алу жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстарды бастап, отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық бердік. Нәтижесінде холдинг ішіндегі сатып алу 25 есе қысқарды және 630 млрд теңгеден астам қаражат біздің кәсіпкерлерге бәсекелес ортаға берілді. Бәсекелестік орта құру арқылы 36 млрд астам теңге үнемделді», - деді Ахметжан Есімов.

Айта кеткен жөн, «оффтейк шарттар» шығаруға жоспарланған өнімге алдын ала төлем жасау арқылы ұзақ мерзімді тапсырысқа кепілдік береді. Басты шарт - елде өнім өндірісінің болмауы және оған қор компанияларының қажеттілігі.




Қор басшысы Ахметжан Есімовтің айтуынша, қазіргі уақытта импортты алмастыру бағдарламасы аясында елімізде жаңа өндірістер құру бойынша қор 27 жобаны мақұлдады, жобаларды іске асыруға бөлінген инвестиция көлемі 215 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 1 600-ден астам жұмыс орны ашылмақ.

Ол жобалардың арасында СҚО-ның екі ірі кәсіпорны – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ (ПАМЖЗ) және «С.Киров атындағы зауыт» АҚ бар. Кездесу барысында қордың қоржындық компаниялары зауыттармен 8,5 млрд астам теңгенің келісімшарттарына қол қойды.

«ПАМЖЗ» АҚ 2,3 млрд теңгенің арнайы техникасын жеткізуі тиіс. Ал Киров атындағы зауытпен 6,2 млрд теңгенің өніміне келісімге қол қойылды. Оның ішінде 3 жылға арналған бір ұзақ мерзімді келісімшарт бар.

«Бүгін біз «Самұрық-Қазынамен» меморандумға қол қойдық. Оның аясында өңірді дамытуға бағытталған бірқатар бірқатар жүйелі шаралар белгіленген. қордың қолдауымен Ш.Уәлиханов ауданындағы шалғай ауылдардың бірінде ұялы байланыс қызметі жақсарады», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Меморандум аясында қор СҚО-ын ТКШ-ны автоматтандыру, қала қауіпсіздігінің мониторингін қамтамасыз ету, 2020-2021 жылдары GSM және LTE стандарттарының 25 базалық стансасын іске қосу арқылы «ақылды» қалалары бар облыс ретінде дамытатын болады.

Бұдан басқа, әлеуметтік саладағы жобалар іске асырылмақ. Оның ішінде балаларды оңалту орталығын құрал-жабдықтармен жабдықтау, медициналық пойыздың шалғай станцияларға тегін қатынауы, әмбебап спорт ойын алаңдарын салу жобалары бар.

Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 2020 жылға пошта желісі мен электрондық сауданы кеңейту – СҚО-да пошта байланысының 10 серіктес бөлімшесін ашу және ШОБ кәсіпкерлері үшін электрондық сауда негіздері бойынша семинарлар өткізу жоспарланып отыр.


Жоғары қарай