Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Сапарбаев Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты

2019 жылдың 16 қазан 2019 10:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Қазақстанда 182 мың адам онкологиялық ауруларға шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елдің Президенті мен Үкіметтің күш салуымен Қазақстанда онкологиялық ауруларды азайту, дертті ертерек анықтау бағытында кешенші шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдардың саны - 182 мың. Оның 36 мыңы қатерлі ісікке шалдыққан. Онкологиялық аурулардан келетін өлім-жітім санын азайту үшін барынша тиісті шаралар қолға алынғанын айта кеткім келеді. Тек соңғы жылы өлім-жітімнің 5 пайызы осы аурулардан келген. Бұл ретте тиімді шаралардың бірі – диагностика екенін білесіздер. Яғни, аурудың алдын ала анықтаудың маңызы өте зор. Соңғы уақытта бізде ауруды алдын ала анықтау деңгейі 28 пайызға көтерілді», - деді Бердібек Сапарбаев.

Премьер-Министрдің орынбасарының айтуына қарағанда, Қазақстанда онкологиялық ауруларды азайту, алдын ала диагностикалау жұмысымен арнайы ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық онкология және транспонтология орталығы мен аймақтардағы 16 онкологиялық диспансер жұмыс жүргізеді.

«Қазақстанда скринингті зерттеу тұрақты түрде өтеді. Елімізде онкологиялық аурулармен күрестің 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары қолға алынған. Бұл кешенді жоспардың негізгі мақсаты – аурудың алдын алу, диагностика, бұл саладағы кадрларды даярлау және қайта даярлау. Бұл жоспарды орындау үшін ел бюджетінен 35 млрд теңге, сонымен бірге, онкологиялық ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 12 млрд теңге қарастырылған. Яғни, бұл бағытта жұмсалған қаражат соңғы жылдары 5 есеге ұлғайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, елордада кеше Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің жұмысы басталған болатын. Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінің қатысушыларына құттықтау хат жолдады.

Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: ҚР Үкіметі, Медицина,
Жоғары қарай