Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Сапарбаев Жібек жолы ауылындағы мектепте болды - Ақмола облысы

2019 жылдың 1 қыркүйек 2019 10:41

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысының Аршалы ауданына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-премьер мен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Жібек жолы ауылында болып, И.Құтпанұлы атындағы орта мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысты. Ұстаздар қауымы мен оқушыларды және олардың ата-аналарын білім күнімен құттықтады.

«Кез келген мемлекеттің дамуы азаматтарының білімі, мәдениеті және тәрбиесіне байланысты. Сол себепті, мемлекет басшылығы тарапынан әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының тапсырмасымен педагогтардың статусын көтеруге бағытталған заң жобасы әзірленді. Президент мұғалімдердің еңбекақысын екі есе көтеру туралы міндеттер қойды. Өздеріңіз куә болып отырғандай, елімізде қазіргі замаңғы мектептер, балабақшалар, ауруханалар, театрлар және спорт нысандары көптеп салынуда. Мұның барлығы Қазақстанның әлемдік қауымдастықта лайықты орыннан көрінуіне бағытталған», - деді Бердібек Сапарбаев.

И.Құтпанұлы атындағы орта мектептің іргесі 2011 жылы қаланған. Білім ордасында 68 ұстаз 1 мыңнан астам оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Биыл мектепке облыстық бюджеттен 158 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа оқу жылында 137 бала аталмыш мектеп табалдырығын алғаш аттады.





Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 614 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оларда 38 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша балаларды ерте дамыту бағдарламасы енгізілуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік балабақшаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыста 558 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оған 124 мыңнан астам баланы қабылдау жоспарланып отыр. Оның 16 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мыңға артық.





Сонымен қатар, вице-премьер осы ауылдағы көпбалалы Құдабаевтардың отбасында болды. Аталмыш отбасы кәмелеттік жасқа толмаған төрт бала тәрбиелеп отыр. Табысы аз болғандықтан биылғы сәуір айында бұл отбасына айына 101 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мемлекеттен алған ақшалай көмекті отағасы Азамат Құдабаев шағын бизнес – техникалық байқау стансасын ашуға бағыттамақшы. Ал зайыбы Гүлнұр «Еңбек» бағдарламасы бойынша арнайы курстан өтіп, үйінде нан өнімдерін пісіріп сатады.

«Елімізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдауға, сұранысқа қажетті мамандықтар және бизнес негізі бойынша оқытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Ең бастысы, баланы жастайынан еңбекқорлыққа баулу қажет. Мемлекеттік көмекті қолдана отырып, отбасыларыңыздың қажеттігін қамтамасыз етуде өздеріңіздің еңбектеніп жатқандарыңыз қуантады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек, Бердібек Сапарбаев Жібек жолы ауылындағы дәрігерлік амбулатория, «Бөбек» бөбекжайы, «Джамиля» ЖШС жиһаз фабрикасының жұмысымен танысты.





Жоғары қарай