Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Сапарбаев жұмыссыздық жәрдемақысын қалай көбірек алуға болатынын айтты

2019 жылдың 24 маусым 2019 12:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыссыздық бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақы мерзімі 4 айдан 6 айға ұзартылмақ. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында жұмыссыз жүргендіктен мемлекет тарапынан жәрдемақы алып отырған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сәулет Тұтқабаев бос жұмыс орнын ұсынған мекемелерге барғанымен, олардың жалақысы төмен екендігін айтады. Осы ретте ол министрге екі сұрақ қойды.

«Біріншіден, жәрдемақы неліктен төмен мөлшерде беріледі? Екіншіден, осы жағдайда мен не істеуім керек? Соған жауап алсам», - деді ол.

«Ең алдымен, жұмыс істеу керек. Екіншіден, жәрдемақы жұмыссыздыққа дейін алған жалақыға байланысты болады. Одан кейін, біз күнделікті қанша бос жұмыс орны бар, қанша жұмыссыз бар деген мәліметтерді жинап отырамыз. Сол мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта жұмыс орындарының саны жұмыссыздардың санынан көп. Яғни, жұмыс жөнінен мәселе жоқ. Бағана мен айтпай кеттім, 2030 жылға дейінгі жұмыс картасын жасадық. Сонда бізге берілген тапсырма бар. Біз халықты толық жұмыспен қамтамасыз ету үшін жылына ең кем дегенде 380 мың жұмыс орнын ашуымыз керек. Әрине, сіздің айлық аз деп айтып тұрғаныңыз дұрыс. Бірақ, аз болса да соған бару керек. Ертең жұмыс жақсы жүрсе жалақы көтеріледі. Әрбір жұмыс беруші жақсы маман алғысы келеді», - деп жауап берді министр.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев жұмыссыз жүргендерге төленетін жәрдемақы көлемін өзгерту қарастырылып жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта ол 4 айға дейін ғана төленеді. Енді оны 6 айға дейін төлеу ойда бар. Негізінен жұмыссыз қалған азаматтар тезірек Жұмыспен қамту орталықтарына баруы керек. Сол кезде сіздің бұрын алған жалақыңызды есептейді, алатын жәрдемақы төмен болмайды», - деді ол.

Жоғары қарай