Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Сарбазды құтқарып қалған шекара офицері «Айбын» орденімен марапатталды

2019 жылдың 3 шілде 2019 17:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өз өмірін қатерге тіге отырып, жас сарбазды құтқарып қалған шекарашы-офицер, полковник Сергей Смицких марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шекара қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 19 маусым күні шекара қызметіне қарасты 2027 әскери бөлімінде полковник Сергей Смицких таяуда ғана әскер қатарына алынған сарбазды құтқарып қалған болатын. Оқу-жаттығу кезінде бір сарбаз сасқалақтап, қолындағы шығыршығын суырып қойған гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Осыны байқап үлгерген сабақ жетекшісі, 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен окоп түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып жіберген. Ал өзі сарбазды жерге құлатып, бүкіл денесімен оны жаба, үстіне құлаған. Жарылған гранатаның жарықшақтары окопқа дейін жетіп, полковник екі аяғынан және екі қолының сыртынан, сарбаз екі аяғы мен сол жақ жауырынынан жарақат алды.

Офицер ерлігі туралы хабар тараған соң іле-шала ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт күннің батырына деген құрметін жеткізіп, оның орденмен марапатталатыны туралы мәлімдеген. Көп күттірмей полковник Сергей Викторович Смицкихке І дәрежелі «Айбын» орденін беру туралы Жарлық шықты.



Бүгін Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасы Кәрім Мәсімов Алматы қаласында орналасқан ҰҚК орталық емханасына арнайы барып, жаралы офицердің көңілін сұрап, орденді тапсырып қайтты.

Жоғары қарай