Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

Сарыағаш ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

2019 жылдың 12 қараша 2019 14:56

САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында «Nur Otan» партиясының «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Партияның аудандық филиалының төрағасы Мұхит Отаршиевтің төрағалығымен өткен қабылдауда Жемісті және Жібек жолы ауылдық округтеріндегі шешімін таппай отырған мәселелер сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көшпелі қоғамдық қабылдауға «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қыстаубаев пен облыстық мәслихат депутаты А.Салимов, аудандық мәслихат депутаттары мен орталық аурухананың бас дәрігері Б.Мирзалиев және дербес бөлім басшылары қатысты. Қабылдауға жазылған жергілікті тұрғындар аудан әкіміне жеке және ауылдық округ көлемінде шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.




Мәселен, Зортөбе елді мекеніндегі Ясауи және Абай көшелеріне асфальт салу, Жаңа тұрмыс елді мекені аумағынан өтетін «Шымкент – Жетісай» автомобиль жолына жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салу жайы айтылды.

Сондай-ақ, бір азамат мүгедектігін ІІІ-топтан ІІ-топқа ауыстыру керектігін сөз етсе, өзге тұрғын «Жібек жолы» кеден бекеті маңындағы «Қазавтожол» ҰҚ теңгеріміндегі жер учаскелерін абаттандыру қажеттігін жеткізді. Сол сияқты Сарқырама елді мекенінде ескі электр жарығын жаңа электр жарығына ауыстыру, Жемістіге емхана салу, Тың ауылынан фелдьшерлік-акушерлік пункт ашу, Жемісті ауылына жаңа мектеп салу, Жемісті елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету жайлы өтініштер де айтылып қалды.

Кездесу барысында ауылдық округ тұрғындары көтерген әртүрлі өзекті мәселелер бойынша аудан әкімі тарапынан тиісті жауап берілді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерді толық әрі сапалы шешу бойынша аудан басшысы нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелерді шешу мақсатында ұйымдастырылып отыр.










Жоғары қарай