Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

«Сарыарқа» газ құбыры елордадағы жылу тарифіне қалай әсер етеді

2019 жылдың 25 қыркүйек 2019 13:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сарыарқа» газ құбыры Нұр-Сұлтандағы жылу тарифіне қалай әсер етеді? Жылу магистраліне жасалған баспасөз туры барысында тілшілердің бұл сұрағына ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Асан Дарбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолдағы мәліметке сәйкес, алғашқы газ құбырлары осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта газ құбыры жылу тарифіне қаншалықты әсер ететінін айту қиын. Себебі, бұл жұмыстардың өзіндік құны, газ құбырының баланстық құны жайлы материал жоқ. Газды жеткізу жұмысымен «ҚазТрансГаз» компаниясы айналысып жатыр. Оларда нақты тасымалдау бойынша бүкіл Қазақстанда тариф құны бірдей. «ҚазТрансГаз» компаниясы жеткізу қызметін сенімді басқаруға беретін болса, тиісінше олардың тарифтері қымбаттай береді. Алайда газды жеткізу күрделі десек те, тарифтің өсуіне соншалықты әсер ете қоймайды. Сол себепті соңына дейін жеткізіле қоймаған жұмысқа байланысты алдын ала бірдеңе деу қиын», - деді Асан Дарбаев.

Комитет төрағасының айтуынша, астанаға газ келгеннен кейін жылу тарифінің нақты қалай өзгеретінін болжауға әлі ерте.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордада жылуға жауапты «Астана-Теплотранзит» АҚ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті 18 пайызға көтеруді сұрағалы отырғанын хабарлаған болатынбыз. Ал «Астана-Теплотранзит» АҚ басшысының құрылыс жөніндегі орынбасары Құрманғазы Нұғымановтың айтуынша, астананың жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары 1 қазанда аяқталады.

Жоғары қарай