Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 14 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

Сатып алынатын дәрі-дәрмектің 30% Қазақстанда шығарылады

2020 жылдың 22 қаңтар 2020 12:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының әлеуметтік даму және ғылым комитеті мүшелері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жауапты «СК-Фармация» ЖШС басшылығымен кездесу өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп өз баяндамасында серіктестіктің 2009 жылы құрылғанын еске салды.

Оның айтуынша, бірыңғай дестрибьютор қызметін атқаратын серіктестік уәкілетті органдар айқындайтын тізбе бойынша елді дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етуге жауапты.

Сондай-ақ, «СК-Фармация» ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын жасасу арқылы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдап келеді. Одан бөлек, компания шетелдік өндірушілермен тікелей келісімшарттар жасасып, халықаралық ұйымдармен келісіп, дәрі-дәрмекті сатып алу бойынша тендер өткізеді.

«2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға бөлінетін қаражат 7 есе өсті. Әу баста дәрі-дәрмектің 804 түрі бойынша жұмыс бастап, қазір сатып алынатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізімін 1331-ге дейін жеткіздік. Яғни, осыдан он жыл бұрын сатып алуға 31,3 млрд теңге жұмсалса, 2020 жылға арнап 232 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі мен медициналық бұйымы сатылып алынып қойды. Жалпы, он елден дәрі-дәрмек сатып аламыз. Мұнда жалпы 30 пайыздық үлес (52,2 млрд теңге) – Қазақстанға тиесілі. Бұрын отандық үлестің деңгейі бар-жоғы 5 пайыздан аспайтын. Себебі, отандық тауар өндірушілерге қолдау керек», - деді «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы.

Берік Шәріптің сөзіне сенсек, бірыңғай дистрибьютор құрылған сәттен бастап ақшаны үнемдеуге де баса маңыз беріліп келеді. Оның айтуына қарағанда, он жылдан бері елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде 124,3 млрд теңге үнемделген.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Медицина,
Жоғары қарай