Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 388.81
EUR 429.01
RUB 6.08
CNY 55.49

Сенатор шетелге мал сатуға наразылық білдірді

2019 жылдың 10 қазан 2019 12:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда шетелге мал сату бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көрші мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық сауда-саттық қарым-қатынастың оңтайлығын пайдалана отырып, қазақстандықтардан ірі қара мал мен уақ малдарды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан тыс жерге 88 мыңға жуық мал сатылса, тек биылғы тоғыз айдың өзінде 333 мыңнан астам мал шығарылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге өскен. Сыртқа сатылған мал басының 80 пайызын Өзбекстан азаматтары сатып алған. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда. Ең сорақысы, шетке сатылған малдардың 50 пайызға жуығы репродуктивті аналық бастар, яғни көршілес мемлекеттер Қазақстанның малдарын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсартуға және мал басын көбейту үшін де сатып алуда», - деді Әли Бектаев ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатордың пайымынша, бұл жағдай әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді.

«Әрине, нарық заманында әрбір фермер, болмаса ауыл тұрғыны өздері өсірген малдарын қайда және қай бағамен сатамын десе де өз еркі. Мемлекет тарапынан ол үшін оңтайлы жағдайлар да жасалынуы тиіс. Ауыл тұрғындарының табысты болғаны өздеріне де, мемлекетке де маңызды екендігін бәріміз де жақсы түсінеміз. Бірақ, шетелге мал шығарып, сатумен айналысып жүргендердің көпшілігі шаруалар емес, ортада жүрген делдалдар. Себебі нағыз шаруа, адал еңбек адамы, маңдай терін төгіп жүрген фермер ешқашанда малдың аналық басын шетке сатпайды. Малдың көбеюі үшін аналық бастың қаншалықты керек екендігін шаруа жақсы түсінеді. Нағыз фермер малдың қайсысын сақтау керек, қайсысын етке жіберуге, қай бөлігін сатуға болатынын жақсы біледі», - деді Ә. Бектаев.

Сенатордың атап өтуінше, ҚР Үкіметі тарапынан мал экспортына қатысты ауқымды және ұтымды шаралар қабылдануы қажет.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетке шығаратын малдардың аналық бастарын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деп ойлаймыз. Сондықтан ветеринарлық қызметтен бөлек, кеден және кіріс, тағы да басқа құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін Үкіметтің арнайы нормативтік құжаты қабылдануы керек. Бұл жерде нарық талабына сай өзге де механизмдерді пайдаланған тиімді болмақ. Әсіресе жергілікті жерлерде малдарды сойып, етін қайта өңдейтін өндірісті жаппай дамыту маңызды. Шетелге тірі мал емес, ет және ет өнімдерін сату әлдеқайда тиімді болмақ. Бұл бағытта мал бордақылау мен ет өндірісін субсидиялау саясатын да нақты қарап, пысықтау қажет деп есептейміз. Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың сегіз айында шет мемлекеттерге 4800 тонна қара мал мен қойдың еті сатылса, тірі мал күйінде 300 мың бас сатылған, оны етке айналдырғанда 26 мың тоннадан асады, яғни 5,4 есе көп», - деді депутат.

Жоғары қарай