Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Сенаторлар халықпен кездесіп, өңір проблемаларын талқылауда

2019 жылдың 17 шілде 2019 12:15 325

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алтыншы шақырылған ҚР Парламентінің сессиясы жабылғаннан бері 10 күн өтті. Сенат депутаттары осы уақыт ішінде қалалар мен ауылдарда болып, жұртшылықпен жүздесті, халықаралық кездесулерге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери және өрт сөндіру бөлімдерінде болды. Онда ол өрт сөндіруге арналған жаңа техникамен және өрт сөндіру бөлімінің жабдықталуымен танысып, өрт сөндірушілермен және құтқарушылармен кездесті. Әңгіме барысында қауіпсіздік, әлеуметтік нысандарды сақтандыру, халықты төтенше жағдай кезінде дұрыс іс-қимыл жасауға үйрету бойынша талаптарды күшейту туралы сөз болды. Ол сондай-ақ 5573 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті.




Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысында болды. Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында, Сәтбаев, Қаражал, Жезқазған қалаларында болған кезде азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Тұрғындар түрлі мәселелерді көтерді, соның ішінде азаматтық алу, кентінен Сәтбаев қаласына қоныс аудару, мүгедектікті ресімдеу, көп балалы отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек алу, пәтер, елді мекендерді абаттандыру мәселелері болды.

Сенаторлар Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мәселелерін талқылады. Олар сондай-ақ Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Азамат Тұрсыновпен де әңгімелесті. Бірқатар проблемалық мәселелерді бақылауға алу, сондай-ақ депутаттық сауалдарды дайындау кезінде айтылған мәселелерді ескеру туралы шешім қабылданды.

Сенатор Динар Нөкетаева Арыстан келген балалар тобын қарсы алды. Олар Алматы қаласының маңында орналасқан «Өрнек» жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Динар Нөкетаева жас меймандармен әңгімелесіп, бәріне демалыстары жақсы өтуіне тілетестігін білдірді.




Сенатор сондай-ақ «Спутник» балалар сауықтыру орталығы мен «Сәлем» сауықтыру лагерінде де болды. Осындай орталықтарда патриоттық, тарихи, танымдық тақырыптарға арналған іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Сенат депутаты сауықтыру орталықтарында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде бірқатар ескерту айтты, оларды қысқа мерзімде түзетуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында сенатор киім тігетін және аяқ киім шығаратын «Қазлегпром-Алматы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Ол кәсіпорын ұжымына жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған алдағы заңнамалық бастамалар туралы әңгімеледі.





Сенат депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауылдары мен кенттеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сенаторлар аудан орталығында 100 орындық интернат, 300 орындық мектеп-гимназия, 3 қабатты коммуналдық тұрғын үй құрылысымен танысты. Депутаттар сондай-ақ таза су келетін құбырдың құрылысында да болды. Сенаторлармен кездесуде шаруалар көктемде және күзде отынның қымбаттайтынын айтып, маусым кезінде бағаны төмендетуді немесе дизель отынын субсидиялаумен көмектесуді сұрады.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапарымен Атырау облысына барып қайтты. Депутат Атырау қаласының тұрғыны Қадиша Жақсылықовамен және оның қызы, II топтағы мүгедек Қаламқас Сүндетовамен кездесті. Жеңілдікке ие тұрғындардың тұрғын үй сатып алу, сондай-ақ халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі заңнаманы жетілдіру мәселелерін көтерген өтініштерін тыңдады.

Сенаторлар Төлеубек Мұқашев, Дулат Құсдәулетов, Михаил Бортник, Ғұмар Дүйсембаев және Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Люксембургтегі жыл сайынғы 28-ші сессиясына қатысты. Биыл отырыс қауіпсіздікті нығайту мүддесінде тұрақты дамуға жәрдемдесетін парламенттердің рөліне арналды.

Жалпы, өңірлерге сапар кезінде депутаттар 792 тұрғынды тыңдады, жергілікті халықпен 84 кездесу өткізді, 62 өтініш қабылданды. 

Өңірлердегі кездесулер 2019 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады.

 











Басты сөздер: Аймақ, Сенат, Парламент,
Жоғары қарай