Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 388.07
EUR 427.54
RUB 6.08
CNY 55.36

Серік Ақсұңқарұлы: Қазақтың ұлттық коды – қара өлеңде!

2019 жылдың 16 қыркүйек 2019 10:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың ұлы тұлғасының осынау айтулы датасын тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өту керектігін айтқан еді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы шын мәнінде қазақ болмысының айнасы саналатын Абай мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы тиістігін де алға тартқан болатын. Осы төңіректегі әңгіме белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлымен сұхбатта да сөз болды.

-Секе, Абай сияқты алыпты түсіну де, талдау да оңай емес. Ақынның алдағы 175 жылдық тойы қарсаңында Сіз де ұлы бабамызға бір рет оралып жатқан шығарсыз?

-Мен оралып жатқан жоқпын. Ол қазақ халқының тереңінен қайнап шықты да, дүниежүзілік поэзияның інжу-маржанын тұла бойына сіңіріп алып, кір жуып, кіндік кескен ата жұртына қайта оралды. Мәселе осы – қайта оралуда жатыр. Әлемдік руханият – түпсіз мұхит; ол адам баласын бауырына алтын басқан айдаһар сынды алдап, арбап тарта береді. Құнары мол, топырағы текті елдің тегеурінді тұлғасы ғана осынау ұлы мұхиттың тереңінен жүзіп ішіп, жағалаудағы ұлтарақтай жер – ұлтына қайтып оралады. Абайға қараңыз: Еуропаның есігін айқара ашып, алар қазынасын олжалап, Сахарасына қайтып келді. Пушкин мен Лермонтовтың, Гете мен Мицкеевичтердің көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Қара үзіп шықты! Батысы – Шығысына, Шығысы – Батысына айналды! Туған ел, шыққан шаңырағына қайта орала алмай, із-түссіз жоғалып кеткендер, зым-зия құрып кетіп жатқандар қаншама?! Қаншамасы із-түзсіз жоғалып жатыр әлі?

Абай тезге сала алмаған жұртты мен салам ба, деп енді өзіме келейін: өлеңді 13 жасымнан жазыппын. Қара тер болып, қиналып жазамын, еліктеп-солықтау кезеңінде мен де көп жүрдім. Небір ұлы ақындардың шаһқар (шедевр) дүниелеріне мен де талай көшірме жасап мәз болғам... Қазір бәрін тастап, Абайға бет түзеп келе жатқанымды ішім сезеді. Мұны Қасиетті Кітапта «Адасқан ұлдың туған ошағына қайтып оралуы» дейді. Абай - Алаштың автопортреті! Алып Рентгені! Бәріміз де кеудемізді ашып, соның алдында тұрмыз. Ішімізде нендей дерт? Өзегімізде қандай өрт? Бәрі содан көрініп тұр!

- Сонымен өзіңізді Абаймен салыстырғанда нені байқайсыз? Өкінесіз бе, әлде қуанасыз ба? Абайдан бері қазақ қаншалықты өсті?

-Абайдың қара томын ашқан сайын өзімнің ақымақтығымды Һәм дарынсыз, күлді көмеш күйкілігімді аңғара бастағандаймын... Бас қойып оқымайтыным – содан! Мына опасыз дүниеден көресініңді көрген сайын Абайдың кітабын жаңа ашқандай боласың! Басына күн туғанда ғана Алласын еске алатын, өлімге бола туған маңдайы қушық пенде құсап, мен де тағдырдың тәлкегіне түскенде Абайдың қара томдарына үңілемін... Дертіме одан басқа дауа таппай барамын... Абайды алпыстан асқаннан кейін оқу керек; бұрын түгін де түсінбеген екем?! Құр босқа өткен ғұмыр дейді мұны, бұл – өкінішті...

Қазіргілердің көпшілігі оның атын біреулерді қорқыту үшін, өзінің «ғұламалығын» көрсету үшін айтады. Оқымаған, мүлде! Оқыса да бір сөзін де түсінбеген! Баяғыдағы мен құсап, бетінен қарпып өте шыққан... Абайды түсінген, Абайға тұшыңған үш-төрт қазақты білем: Біріншісі - Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов, содан соң -Мұхтар Әуезов пени Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов...

«Абай жөнді ақын емес, одан Махамбет мықты, «Абай жолы» жөнді роман емес» - деп көйітіп жүрген керауыздар да бар бізде. Мұндайды испан жазушысы Хосе Ортеги-и-Гассет «Аристофобия ауруы» дейді. Бұл дегеніңіз – ұлттың өз иігі жақсыларын иттің етіндей жек көріп, өнеге тұтпауы, адамзаттың ең басты құндылығы Кемел Адамды («Инсани камил» - арабша) тәрк ету деген сөз!

-Еліміздің астанасында Азия жазушыларының форумы өтті ғой. Сол туралы ойларыңыз қандай?

-Иә, көптен күткен Азия ақын-жазушылары форумы да мәресіне жетті. Сөз көп.

«Дулат Исабеков таяқ ұстап қалыпты ғой?!» деп мәз-мәйрам болғандар да бар. Сонда олар жазушының шығармасын оқымайды! Суретін ғана көреді?!

«1973 жылы Азия-Африка жазушыларының форумы өткенде бізде небір інжу-маржандар бар еді, қазір түк жоқ қой?!» деп жатыр! Бізде Мағауиннің барын, Исабеков пен Нұржекеевтің, Сегізбаев пен Дәутаев, Нұрмағанбетовтің де барын да білмейді! Әлемнің бізден әлдеқашан озып кеткен, қолымызға екі өкпемізді ұстап, әлі күнге дейін шаңын қауып қуып, жете алмай жүрген жұрттарда Исрайыл, Темірхан мен Ұлықбектің, Жәркен мен Есенғали, Мейірхан, Светқали, Ертайлардың, Ғалым,Тыныштықбектердің де жоғын да білмейді екен?!.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азия қаламгерлерінің І форумында сөйлеген сөзі де бізді бірқатар ойларға жетелейді. Шынында, Жаһандану дәуірінде Азия сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзіне тән бірегей ерекшеліктерін сақтап келеді. Рухани байланыстарды кеңейту – жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Президентіміз айтқандай, ақын-жазушылар бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.

Жалпы Азия Еуропаның ғажайыбын емшегінен сарқа еміп, тұла бойына сіңіріп алып еді, ал, ол осы күнге дейін оның уызынан дәм де тата алмай отыр. Форумнан түйген ойым – осы.

Көңілді күпті еткен бір нәрсе, мен сол форумнан Аягүл Мантайды көре алмай қалдым. Мәскеуде ғой ол, қазақ әдебиетіндегі қанатты, талантты қыздардың бірі! Біз оны Мәскеуде қаңғыртып қоймай, астанаға шақыруымыз керек! Үй беріп, жазуына жағдай жасауымыз керек-ті. Азиядан жиналған жақсы, жайсаңмен терезесі тең отырып, сөйлесе алады ғой ол?!

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ақын -жазушыларға рух бере алды ма? Социализм тұсындағыдай, Абай дәуіріндегідей сөз зергерлерін құрметтеу дәстүрі орала ма?

-Елбасының «Рухани жаңғыруды» жариялаған күні Алаш үшін, Тәуелсіздікті жариялаған күндей, - тарихи күн болды! Сол күні Фейсбукте отырғам. Таңғы сағат 6.30-дың кезі. Арқам ду ете түсті! Ремрандттың «Адасқан баланың атажұртына қайтып келуі» деген тарихи картинасы көз алдыма келді. Сағат 10-ға қарай қалта телефоныма облыс әкімі Ерлан Қошанов қоңырау шалып тұр: «Рухани жаңғыруды» естідіңіз бе?» дейді. «Неге естімейін? Мен бұл күнді қаншама жыл күттім?» дедім де, таң алдында жазған жырымды оқып бердім:

АДАМ

Сайтаны азғырып,

Жұмақтан құлғанадай қуылып,

Тентіреп кеп Жерге тіреген табанды;

Бастан кешіп қауымдық,

Федальдық-патриархальдық,

Капиталистік,
Фашистік,
Коммунистік заманды;


Орысша—«Человек»,
Испанша—«Personas»,
Ағылшынша—«Human»,

Французша—«Personnes»;
Қазақ қана: «Адам» деген – Адамды!

Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.

Көрінген ит бізге неге соқтықты?!

«Інжілдегі» «Адам» деген асқақ сөз –
Қазақтікі!

Басқа тілде жоқ, тіпті!

Дүниенің ғажабы да –
Біздікі!

Азабы да –
Біздікі...

Ұмытпасам, 2017 жылдың сәуірінің 12 екінші жұлдызы-ау деймін? Облысқа Қошановтың әкім болып келгеніне санаулы-ақ күндер болған. «Өмірімде бірінші рет актив жиналысын өткізейін деп жатырмын? Келіп, көсіле бір сөйлеп берсеңіз?» деді. Кеше шыққан «Рухани жаңғыруды» қарағандылықтар ертеңіне республикада бірінші болып қағып әкетті...

Содан бері елімізде ұлттық рухты көтеретін қаншама ірі оқиғалар өтті. Жазушылар одағының өзі үш форум өткізіп жіберді! Біреуіне Президент Қ. Тоқаев қатысып, қазақша көсіліп сөйлеп берді. Бұрын-соңды мұндай болды ма?!

- Сіз әлеуметтік желіде жиі жазасыз. Фейсбук кітап шығарудан тиімді ме? Соңғы рет алған қаламақыңыз туралы айтсаңыз?

- Әлеуметтік желінің айтары көп. Қаламдастарымнан оған алғаш отырған Ұлаш (Ұ. Есдәулет). Біз кейіндеу келдік оған. Балалар:

-Сіз туралы жазыпты ғой? Оқыдыңыз ба?- дейді бір күні.

-Не деп? Мақтап па?- деймін алпысқа келгенше бір мақтау ести қоймаған сорлы басым.

-Жоқ...,-дейді күмілжіп.

-Жамандап па тағы да?!.

-Иә...

-Қай жерде?- деп сұрадым бір газетте шығар деп.

-Фейсбукте...

-Ол не тағы?!.

-Әлеуметтік желі...,- деді балалар.

-«Әлеуметтік желі» деген не?!

Ақыры мен түсінбеген соң балалар:

-Социальные сети,-дейді орысшылап!

Оқып қарасам, маған айтпаған сөзі, жаппаған жаласы жоқ! Содан ерегісіп мен де кірдім оған! Сонда отырып, «Фейсбуктегі фәни жалған» деген кітап та жазып шықтым тіпті... Оны Мейірхан Ақдәулет «Адырна» журналының бірнеше санына жариялап жіберді. Бұрын жазған-сызғанымы компьютерге балаларыма жалынып, әзер бастырушы едім, өзіме жақсы болды осы...

Мынау өлең соның бір дәлелі:

ХХ-шы ғасыр елден неге жеріді,

Көрмей біздей серіні һәм періні?

Жаңа ғасыр келе салып, о, ғажап,

Ойлап тауып әлеуметтік желіні,--

Алқымдағы Айсберг еріді...

Дүрс-дүрс еткен етіктердің ізінде,

Қалды Тарих – Қара таңба жүзінде.

Әне, Юнна Мориц те отыр Фейсбукте,

(Елу жылдай болған «Қара тізімде!»)

«Қара тізім» қалды өткен ғасырда.

Болған онда Қасым да.

Бәріміз де жүрдік «Қара тізімде»,

(Мағжан жүрген, бірақ, оның басында!).

Жаңа ғасыр, – басылмаған желігі,

Ойлап тауып әлеуметтік желіні, –

Айсберг еріді...

Жүре берсін халтурщик те, қайтесің?

Үре берсін...

Кешші – кеще-періні?!

Ресейде – Юнна Мориц отыр ғой?

Қазақстанда – Ақсұңқардың Серігі...

- Секе, келесі сұрағым мынандай. Неліктен ақын-жазушылар емес, қызметтен кеткен мемлекеттік қызметкерлер елдің жоғын жоқтауға әуес?

-Елдің жоғын ежелден ақын ғана жоқтаған! Эпостан бастап, жыраулар поэзиясы мен зар заман ақындарын бір шолып шығыңыз! Қызметтен кеткендер, билікке өкпелілер, жалған, жасанды оппозицияның бір түсігі! Еліне жаны ашыған адам емес олар, мансабынан айырылып, қанатынан қайырылып қалған сормаңдайлар ғой! «Елім-ай!» дейді, «Жерім-ай!» дейді...Соны ат үстінде жүргенде неге айтпаған?!

Қазақ – ақын халық! Бірақ, өзінің қадірін өзі білмейді! Бұлар қанаттыларының, таланттыларының соңына шырақ алып түсіп, өсектейді! Өз ұлдарын өздері бағаламайды.

Ақынның жұмыс орны – жазу үстелі. Ол ешкімді жағасынан ұстап, көшеге сүйреп шығара алмайды! Алланың оны маңдайына жазған жалғыз миссиясы – өзінің шері мен шеменін, шаттығы мен күмәнін жырға орап, жалғанның жарығына шығару. Соны жүрегімен сезінген жұрт көшеге шыға ма, жоқ, әлде, ас үйде оттырып, «төңкеріс» жасай ма, бұл – әркімнің өз шаруасы.

Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық – азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Арғы, бергі классикалық әдебиетке жүгірте көз салсаңыз ,адамзатты алаң ойға салып, махаббат пен әділет сезімі төрткүл дүниені тебіренткен небір ірі-ірі тұлғалар алдыңыздан шығады. Гомер, Гете, Пушкин, Абай, Достоевский, Мағжан, Қасым, Габриел Гарсия Маркес, Мұқағали... Қу қарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса – күйкілігі көрініп қалады...

Өткен бір құрылтайды заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин қорытындылап еді. «Тоталитарлық заман тұсында, - деді ол, - Қазақстан Жазушылар одағы қазақтың ұлттық партиясы болды. Оны енді жасырудың керегі жоқ. Халықтың рухын, мәдениеті мен тарихын, бәрін біз ұстап тұрдық». Рас сөз! Тоталитарлық тепкінің тұсында басы төмен түсіп, айдағанға жүрмеген бірен-саран пенде болса, ол қазақ жазушылары еді. Сталиндік репрессияда көктей қырылған да осылар-ды. Көкірегімен көк тіреген Колбиннің бетін қайтарып, көзін шүқыған да осы Қазақстан Жазушылар одағы болатын...

Одақ қазір де сондай болуы керек! Сондай болады әлі!

Дүниедегі ең жаман індет – ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарға «ит көрген ешкі көзденіп» (Абай), өршелене қарсы шығу екен! Осында келіп-кеткен әкім атаулының бәріне «ләпбай, тақсыр!»-лап, ауылын жағалай жамандап, көзге шыққан сүйелдей болған бір тексіз көк езу маған мұрынын шүйіре қарап, « – Өй, сендерді – қой! Біз білеміз ғой бәрін...»-деп қойып қалды. « –Не болды?!». « – Сендердің Әбіш Кекілбайларың патшаның қолынан сүйген...». Басқадан да естіп жүрмін ғой, дәл осы сүмелектен мұндай сөзді күтпегем: «Әй!-дедім өзімді өзім әзер ұстап, – Әбіш – кім?! Сен – кімсің?!.Ұлы тұлғаның тізесіне бойың жетпей тұрып, оның ақ шалған басына қарама, – мойының үзіліп кетеді!».

... Ал, сіз маған елдің сөзін қызметтен кеткен, мансабынан айырылған, жалған, жалтақ, жасанды «оппозиция» айтып жатыр дейсіз... Әлде, әдейі сөйлетейін деп отырсыз ба... Онда ғафу етіңіз?

- Сіз ақынсыз ғой. Ақын болу азап па, абырой ма, өзі?

-Мұхамед ғ. с. с. «Менен кейін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді. Ақындар келеді!» деген. Бұл енді адамзат қоғамдастығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді. Пушкиннің «Пайғамбар» атты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі етті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзаттың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес – «Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын Поэзия дейді. Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкин-Абайша, Мағжан-Қасым-Мұқағалидай ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді...

Пушкиннің Пайғамбарының тебіренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Мағауиндер сол тұңғиықтың тереңіне жеткен соң телегей теңіздей тебіреніп, Жазушының Пайғамбарлық Миссиясын атқарып жүр...

Қазақ поэзиясы – қара өлеңімен қасиетті! Басқасын айтпағанда, халықтың қара өлеңіндегі ғашық жігіттің сүйген қызына «Сырғаңды қайық қылып, өткіз мені...» деген бір жолдың көркемдік қуатының өзі қандай? Әлем әдебиетінде бар ма осы сөз?!. Мұндай сиқыр жырлар қаншама? Ұлттық жырымызға еуропалық өлең мәдениетін сіңірген Абай да оның табиғи өлшемінен аттап кеткен жоқ-ты. Қайта оны одан сайын байытып, тереңдетіп, кемелдендіріп кетті. Одан кейінгі Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Өтежан, Фаризалардың классикалық шығармаларының бәрі де осы қара өлеңнің жемісі!

Қазақтың ұлттық коды – қара өлеңде! Дүниежүзі поэзиясындағы өлең өлшемдерінің ішінде ең кемеліне келген үлгісі де осы біздің қазақтың қара өлеңі. Бірақ, оны бізден басқа ешкім біліп жатқан жоқ. Білмегені жақсы. Енді өзіміздің балалар соны быт-шыт қылмақ. Қазақ жырындағы ең басты реформатор Абай ғой?! Ғаламда ХХ-сыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл бар ма? Бізден басқада жоқ қой ол!

Міне, қазақ поэзиясы деген осы! Мен сол атам туралы «Абыл-нама» деген поэма жаздым, 2016 жылы «Қазақ әдебиетіне» шықты. Осындағы қаламдастарымның біреуі соның астарына үңіліп, мақтамай-ақ қойсын, бір сыни пікір айтуға жарамады...

Ақыл, парасат, ой-толғам, кісілік, дарын, талант – басы жұмыр пенде баласына Құдайдан ғана келеді. Басқа ешқайдан келмейді! Тәңірі санасына саңылау, дарын, талант бермеген жазарман басқа жазушының жазған дүниесіне қарамайды: оның сүрінген, бүлінген кезін аңдып, сыртынан өсек, ғайбат айтып, соған мәз-мәйрам болады. Өзінің жазғаны түкке тұрмайтын шимай-шатпақ екенінде жұмысы жоқ. Әдебиет дейтін қасиетті дүниенің бір қасіреті осы. Әлем әдебиеті деген ұғымды айналысқа кіргізген Гете. Немістің ұлы жыршысы ұлтының уызына қанып, тереңіне жүзіп, кемеліне келгенде оның құлағына Құран әуендері шалынады. Біздің қазақта Шыңғыстауда туып, шырқау көкке көтеріліп, әлем әдебиетіне ат шалдырған – Абай! Әуезов!

Ұлтының құнарынан қуат алмаған пенде әлем азаматы бола алмайды. Аллаға бас имеген, аруаққа арқасы қозып, қазақ әдебиетінің өткелегінен өте алмаған қазақ әлем әдебиетінің есігі түгілі, тесігінен де сығалай алмайды.

Тәкен Әлімқұлов Мәскеуге, оқуға кетерде Қасыммен (Аманжолов) ақылдасады. «Мен қиыр асқанда, осындағы құрбы-құрдастарым менен озып кетіп, мен солардың соңында қалып қоймаймын ба?!» деп сұрапты. Сонда Қасым: «Соғысқа аттанғанда мен де сен құсап уайымдағам. Қайтып келсем, бәрі баяғыдай, бәрі сол өзімнің қойып кеткен орынында отыр! Сен қайтып келгенде олар сол өзің қойып кеткен орыныңда отырады!» деген екен.

Қазақ әдебиеті жойқын дауыл алдында тұр; Мәскеуден – Аягүл Мантай, Санк-Петрбургтен – Ақерке Асан келеді; сол күні ұлттық әдебиет 180 градусқа өзгеріп сала бередІ! Ал, біз осы орнымызда отырамыз!..

- Әңгімеңізге рахмет! Айтарыңыз таусылмасын!
Жоғары қарай