Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Серік Сәпиев: Спортқа деген қызығушылықты баланың бойында ерте жастан ояту қажет

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 16:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұқаралық спортты дамыту – жергілікті атқарушы органдар мен барлық деңгейдегі спорттық мекемелердің басты міндеті болып қала береді.

Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Президенттің бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына байланысты қандай шаралар қолға алынатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында жас ерекшеліктеріне қарамастан, бұқара арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дамыту қажет екендігін де айтты. Бұл өте маңызды міндет деп айтар едім», - дейді Серік Сәпиев.

Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы өз сөзінде Мәдениет және спорт министрлігі осы орайда қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Министрлік алға қойған міндеттерді іске асырудың аясында 2018 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 29,8 пайызы дене шынықтыру және спортпен айналысатыны белгілі болып отыр. Бұл республиканың спортпен шамамен 5,5 млн адамның айналысатыын білдіреді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында республика бойынша 2,7 миллионнан астам адамды қамтыған 27 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізілді. Оның ішінде 1,1 миллионнан астам адамды қамтитын 16 мыңнан астам спорттық іс-шара ауылды жерлерде ұйымдастырылды», - дейді ол.

Серік Сәпиев сондай-ақ, Президенттің өз Жолдауында спорт инфрақұрылымын дамытып, балалар және жасөспірімдер спортына басымдық беру туралы тапсырмасы орындалатынын айтып өтті.

«Халық арасында бұқаралық спортты дамытып, кеңінен насихаттау үшін спортқа деген қызығушылықты ерте жастан бастап ояту қажет. Балалар мен жастарды спортқа баулу – ұлт денсаулығының кепілі. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынған статистикасына сәйкес, елімізде мектеп жасындағы балалардың қатарында 1,8 млн бала дене шынықтыру және спортпен айналысады. Халықтың спортпен жаппай шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Елімізде 11,1 мың дене шынықтыру және спорт нысаны бар. Алайда бұл халықтың спорттық нысандарға деген қажеттілігін жабуға аздық етеді. Бүгін де біз 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасын орындаудамыз», - дейді ол.

Серік Сәпиевтің айтуынша, жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде, өңірлерде спорт залдарға деген қажеттілік 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайтыны белгілі болды.

«Осы орайда министрлік 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтылады. 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынады. Аймақтарда дене-шынықтыру сауықтыру кешендерінің 100, 160 және 320 орындық типтік жобалары қарастырылған. Жоғарыда аталған кешендердің құрылысы жергілікті бюджет және демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұқаралық спортты дамыту – жергілікті атқарушы органдар мен барлық деңгейдегі спорттық мекемелердің басты міндеті болып қала береді», - деді Серік Сәпиев.

Еске сала кетсек, күні кеше Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керектігін мәлімдеген болатын.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», - деді Президент.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Спорт, Жолдау,
Жоғары қарай