Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Шанхайда Абай шығармалары қытай тілінде жарық көреді

2019 жылдың 3 қыркүйек 2019 17:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы туралы пікір білдірген Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сүйінші жаңалығымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның пікіріне зер салсақ, келер жылы тойланатын үш үлкен датаны атап өтудің форматына жаңашылдық қажет.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында руханият тақырыбын да қозғады. Соның ішінде Әл-Фараби 1150 жылдығын, ұлы Абайдың 175 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын тойлау туралы сөз қозғады. Бұл ғибратты даталар ұрпаққа тәлім беруімен құнды. Яғни, ысырапшылдыққа, аста-төк мейманасына, масайрауға жол берілмеуі керек. Жолдауда да бұл шаралардың ұрпаққа пайдалы, қоғамға керекті, келешекке өнегелі жақтарын ұстану керектігі айтылды. Алтын Орданың 750 жылдығында қазақ тарихына әлем назарын тағы бір аударту, сол арқылы туризмді дамыту көзделгені де көңілден шығып отыр. Өйткені, Алтын Орданың тарихы – біздің тарих. Біздің тарихымыз – Алтын Орданың тарихы», - дейді Ұ.Есдәулет.

Жазушылар одағының басшысы бұл талапқа қаламгер қауым да үлес қосатынын айтады.

«Үш тойды да ғибратты етіп өткізу керек деп жатырмыз ғой. Мысалы, Қытайдың Шанхай қаласындағы бір баспа Мұхтар Әуезовтің 10 томдығы мен Абайдың 1 томдығын қытай тіліне аударып шығаратын болды. Аталмыш баспа Шыңғыс Айтматовтың 10 томдығын шығарған екен. Сондағы ағайындарымыз Ш.Айтматовтың ұстазын неге шығармайсыңдар деген мағынада ұсыныс тастаған екен, келісіпті. Соны естіп, М.Әуезовтің де ұстазын шығарыңыздар деген ой айтқанбыз. Бірден келісіп, Абайдың 10 томдығын шығаратындарын айтты. Абайдың барлық шығармасы бір томнан аспайтынын түсіндіріп, келісімге келіп қайттық», - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Алтын орданың 750 жылдығы туризмді дамыту тұрғысында тойланатынын айтты.


Жоғары қарай