Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 389.34
EUR 428.78
RUB 6.05
CNY 55.45

Шардаралық дәрігерлер 100-ден астам баланы тегін сүндеттеді

2019 жылдың 17 тамыз 2019 17:26

ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Шардара ауданында ақ халатты абзал жандар игі іске ұйытқы болды. Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан 100-ден астам баланы тегін сүндетке отырғызып, елдің алғысына бөленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Игі іс аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Нұрғали Молдахановтың бастамасымен жүзеге асқан. Тұңғыш рет ұйымдастырылған қайырымдылық акциясында аудандық орталық мешіт қызметкері Таубай Қадыров балаларға ақ батасын берді.

Балаларды сүндеттеп, сауапты шараны жүзеге асырған дәрігерлердің қатарында білікті хирургтар бар. Атап айтсақ, аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Бақытова және хирургтар Жаңабай Оразбаев, Ермаханбет Қалмұратов, Ержан Мәуленов, Қанат Абылбеков, Орынбек Жаппаров, Дамир Тасполатов сынды білікті оташы дәрігерлер игі істің басы-қасынан табыла білді.

Сауапты шараны ұйымдастырушыларға көпбалалы отбасы мүшелері мен жергілікті тұрғындар алғысын айтты.

Дәл осындай игі шара Төлеби аудандық ауруханасында да жалғасын тапты. Онда да дәрігерлер тұрмысы төмен отбасы балаларын бес күн бойы тегін сүндеттеді.

Жоғары қарай