Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

ШҚО-да алдағы 4 жыл ішінде кезекте тұрған барлық отбасылар баспаналы болады

2019 жылдың 18 қыркүйек 2019 12:06

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, алдағы төрт жылдың ішінде өңірдегі тұрғын үй кезегінде тұрған барлық көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспанамен қамтылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде облыстық әкімдікте өткен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі облыстық қоғамдық комиссияның отырысында белгілі болды.

Осыған орай, аталған облыстық қоғамдық комиссия ағымдағы жылдың мамыр айында құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ең бастысы, сол көпбалалы аналардың өздері де кірген болатын.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда үшеуден көп бала тәрбиелеп отырған 26 мыңнан аса отбасы тұрады. Олардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін облыста оларды қолдаудың үш деңгейлі арнайы бағдарламасы қабылданған. Көмекке мұқтаж барлық көп балалы аналар қалалық және ауылдық болып екі топқа бөлінген.

Өңірде тұрғындардың осы санатына баспана сатып алу үшін бюджеттік емес қаржы көздерінен, соның ішінде облыстық қайырымдылық «Парыз» қорынан 558 миллион теңге қаржы көзделген. Қор қаржысы есебінен облыстық барлық аудандарында 231 отбасы өз үйлеріне қол жеткізген.

Бағдарламаның екінші кезеңінде кезекте тұрған қалған отбасыларды тұрғын үймен қамту қарастырылған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың берген деректеріне сәйкес биылғы қыркүйекке дейін 368 отбасы өз баспаналарына қол жеткізген болса, жыл соңына дейін тағы 143 отбасы қоныс тойын тойламақ. Сонда ағымдағы жылы 511 көпбалалы және аз қамтылған отбасы өз баспаналарына қол жеткізетін болады.




Сонымен қатар аймақ басшысы Даниал Ахметов «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй құрылысында төрт бөлмеден тұратын, ауданы 100 шаршы метрлік, құны – 13,5 млн теңге болатын, бір қабатты типтік жобаны іске асыруды ұсынды. Баспаналар «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ ұсынып отырған ипотекалық несие бағдарламасының шартына сәйкес жылдық екі пайызбен 20 жыл мерзімге берілмек. Несиенің ең жоғарғы мөлшері – 10 млн теңге көлемінде болса, алғашқы жарна 10 пайыз болмақ.

Бүгінгі таңда өңірде 128 отбасы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-на жеңілдетілген несиелендіруге өтінім берген. Ал бір миллион теңгеге дейінгі жинақ қаржысы жоқ отбасылар үшін алғашқы жарна бюджеттік қаржы есебінен толтырылады. Бұл мақсатқа қыркүйек айында өткен облыстық мәслихаттың сессиясында 70 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар өңір басшысы алғашқы жарнаға жетпеген қажетті қаржыны аймақтағы бизнес-сектордың өкілдері де ұсына алатындығын мәлімдеді. Сондықтан, бұл мәселе бойынша кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізіледі. Алайда, аудандағы комиссиялар отбасылар туралы ақпараттың жариялылығын, объективтілігін, кезекте тұру жағдайын нақты анықтауы қажет.

«Осылай ету арқылы біз алдағы төрт жылдың ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойып отырған көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын толығымен орындайтын боламыз. Тағы да қайталап атап өтемін, біздің облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайларын шешуге барлық жағынан толық қолдау көрсетілетін болады», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ақпарат ретінде айтар болсақ, «Бақытты отбасы» ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша Өскемен, Семей, Риддер, Шемонаиха, Аягөз, Курчатов қалаларының тұрғындарына өз баспаналарын рәсімдеу мүмкіндігі бар.


Жоғары қарай