Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 379.75
EUR 415.18
RUB 5.78
CNY 54.19

ШҚО-да қар құрсауынан 200-ден астам адам құтқарылды

2020 жылдың 18 қаңтар 2020 14:14

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының қар басып қалған автомобиль жолдарынан 200-ден астам адам мен 150 көлік қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, кеше өңірде қатты боран соғып, облыстың барлық бағыттағы жолдары бірінен кейін бірі жабылды. Жел соғып, қар бұрқырауы салдарынан жолға шығып үлгерген адамдардың көліктерінің қозғалысы қиынға соқты. Сол себепті «112» құтқару телефонына қар құрсауында қалған адамдардың көмек сұрап қоңырау соғуы жиіліп кетті.







«Құтқарушылар, өрт сөндірушілер, жол қызметтері мен жергілікті атқарушы органдар 206 адамды құтқарып, 150 көлікті қар құрсауынан шығарды. Атап айтқанда, Бородулиха ауданында жолда қалған 32 адам эвакуацияланып, олардың 16-сы Жаңа Шүлбідегі уақытша тұраққа орналастырылды, қалғандары туыстарының үйлеріне кетті. Шемонаиха ауданында 7 адам құтқарылды. «Семей-Өскемен» тас жолында 12 көлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқарушылар 16 адамды, оның ішінде 3 баланы Семей қаласына жеткізді», - деп атап өтеді департаменттен.




Мұнан бөлек, Көкентау ауылында шопан бір отар қойымен жоғалып кеткен. Семей қаласының құтқарушылары шынжыр табанды көлікпен іздеу жұмыстарын жүргізіп, шопанды тапты.

Естеріңізге сала кетейік, облыста боран соғатындығы ескертілген. Тұрғындарға аса қажет болмаса елді мекен аумағынан шықпауға кеңес берілді. Қазіргі уақытта барлық бағыттағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабық. Жолдарды қардан тазалауға 260 техника жұмылдырылған.











Жоғары қарай