Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

ШҚО: Екі ауданда су тасқынына қарсы шаралар тексерілді

2019 жылдың 31 наурыз 2019 16:23

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев екі аудандағы су тасқынына қарсы шараларды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акуловтың айтуынша, Үлбі өзенінде мұзды жару жұмыстары жүргізілген, өзеннің арнасы мен тармақтары бақылауда. Жағдайға көз жеткізген Ерлан Аймұқашев кезекшілік ұйымдастырып, тұрғындарға шұғыл көмек беру жайын алдын ала ойластыруды тапсырды.

Убинка ауылында таудағы қардың еруінен шыққан су Болашақ және Украина көшелерімен ағады. Ауыл қарттарының айтуынша, жылдағы жағдай осы. ТЖД берген ақпаратқа сүйенсек, мұндағы тұрғын үйлерге төнген қауіп жоқ.

Ерлан Аймұқашев Убинка ауылындағы ауланың әрқайсысын жеке қарап шығып, жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.



«Қажетті көмектің бәрі көрсетілді. Қажет болған жағдайда азық-түлік тасымалы ұйымдастырылады. Жедел жәрдем керегінше кезекшілік ұйымдастырады», - деді ол.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай әдетте бір аптаға созылатын көрінеді.

Бұдан тыс, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Басқарағай ауданының Красный Яр және Жаңа Шүлбі ауылдарына барды. Мұндағы көлдердің су деңгейінің көтерілуі тасқын қаупін арттырып отыр.



Қазір жергілікті көлдердегі судан үйлерді қорғау үшін бөгеттер салынып жатыр.

«Комиссия ұсынған шаралардың барлығы қарастырылып жатыр. Су басқан екі үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірдік. ТЖД мен әкімдік қолда бар мүмкіндіктің бәрін жұмсап отыр. Ешкімді де назардан тыс қалдырмаймыз», - деді Е. Аймұқашев.

Аудан әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, су тасқынына қарсы күреске өңірдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғалымдар әзірлемесінің де себі тиіп отыр. Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ мамандары келіп, көрші Павлодар облысының озат тәжірибелерін түсіндіреді.



Оның өзіне қарағанда, қыста жергілікті белсенділер топырақтан көтерме салу идеясын ұсынған.

«Көтерменің арқасында су тасқынын шамамен 60 пайызға азайтуға қол жеткіздік. Тасыған су біздің көшеге де, үйге де жетті, бірақ оған қамығатын біз емес», - дейді ауыл тұрғындарының бірі Виктор Щербаков.

Тасқынға қарсы шаралар жалғасуда.

Жоғары қарай