Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

ШҚО полициясы желіні шулатқан той кортежінің видеосына қатысты мәлімдеме жасады

2019 жылдың 12 қараша 2019 13:12

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Семейде көпір үстінде көлігімен артқа қарай жүріп, желіні шулатқан жастардың бейнежазбасына қатысты полиция пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде елді дүрліктірген видео пайда болды. Бейнежазбадан көргеніміздей, қара түсті «БМВ Х-5» маркалы автокөлік жүргізушісі аспалы көпір үстінде әжептәуір жылдамдықпен артқа қарай жүріп барады. Оның үстіне мемлекеттік тіркеу номерін алып тастаған. Апаттық шамдарын жағып, оған «жол ашып» жүрген тағы бір-екі машина бар. Ал көліктерге байланған түрлі-түсті ленталардан бұның той кортежі екенін оңай аңғаруға болады. Желі қолданушыларының бірі «Осылардың кесірінен балам автобуста басын екі рет соғып алды. Өтуге мүмкіндік бермегендіктен, автобус жүргізушісі тежегішті шұғыл басқан болатын» деп пікір қалдырған болатын.

Оқиғаның Семей қаласында болғаны анықталып отыр. ШҚО полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.

– 1 қараша күні 102-ге аталмыш оқиға туралы хабарлаған қоңырау келіп түсті. Семей қалалық полиция басқармасының қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, тәртіп бұзғандарды ұстады. 1993 жылғы «Е» есімді азаматқа қатысты 595-баптың 2-тармағы және 593 баптың 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жоғары қарай