Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Шомылу маусымы кезінде 266 адам суға кетті - Беккер

2019 жылдың 13 қыркүйек 2019 17:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маусым-тамыз айларындағы шомылу маусымында Қазақстанда 266 адам суға кетіп, көз жұмды. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 қыркүйекте Қазақстанда суға түсу маусымы ресми түрде аяқталды. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖК полициямен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұйымдастыру және практикалық іс-шаралар кешенін жүргізді. Қабылданған шараларға қарамастан, шомылу маусымы кезінде (маусым-тамыз) еліміздің су айдындарында 266 адам көз жұмды. Оның 87-сі – балалар», - деді Владимир Беккер.

Комитет төрағасының айтуынша, адамдардың суға кетуінің негізгі себептерінің бірі – жабдықталмаған су айдынында шомылу. Үш айдың ішінде 242 адам осы себептің салдарынан көз жұмған. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себебі бойынша 24 бала суға кетсе, мас күйіндегі 23 адам ажал құшқан.

«Шомылу маусымы басталғалы бері жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 269 адамды, оның ішінде 85 баланы құтқарды. Сонымен бірге, балық аулау кезінде адамдардың көз жұму жағдайлары да тіркелді. Мәселен, үш айдың ішінде 39 балықшы суға кеткен. Қайғылы жағдайларға негізінен қауіпсіздік ережелерін бұзу, жеке құтқару құралдарынсыз су айдынына шығып кету себеп болып отыр», - дейді ол.

Суға кету жағдайларының көбі Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында тіркелген. Владимир Беккер ел аумағында 607 ресми суға түсу және су жанында демалу орындары белгіленгенін айтады. 27 коммуналдық жағажайдың аквториялары ІІМ ТЖК бөлімшелерінің бақылауында. Сондай-ақ, 53 мобильдік құтқару бекеттерін қою арқылы су айдындарының 113 қауіпті учаскесі бақыланады.


Жоғары қарай