Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 411.54
EUR 458.13
RUB 5.84
CNY 57.64

Шығыс Қазақстанда екі шенеунікке сот үкімі шықты

2019 жылдың 10 қазан 2019 11:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін күдікті болған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Арсламбаевқа және «ШҚО тұрғын үй-пайдалану басқармасы» ЖШС директоры А.Әубәкіроваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады»,- делінген ведомство ақпаратында.

Агенттік мәліметінше, олар «ШҚО Өскемен қаласының Самар тас жолы бойынша «Өркен-ЖМК» индустриялық аймағына инфрақұрылым құрылысы», «ШҚО Ұлан ауданы Украинка ауылындағы су құбыры мен су тарту желілері құрылысы», «ШҚО Ұлан ауданы Сағыр ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы» нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге бөлінген 70,1 млн теңге сомаға орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр.

Осы жылдың 9 қазанында Өскемен қаласының № 2 сотының үкімімен А. Арсламбаев жоғарыда көрсетілген қылмыстардың барлық құрамы бойынша мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге; А.Әубәкірова аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағаны, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны және қызметтік жалғандық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 7 айға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Жоғары қарай